Тараз қаласының бас жоспарына түзетулер мен өзгерістер енгізу жобасы қаралды

0 16

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте Тараз қаласының бас жоспарына түзетулер мен өзгерістер енгізу жобасы талқыланды.

Жиында сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман  Абдешов, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, жобалаушы мердігер мекеме «Қолдау»ЖШС-нің бас сәулетшісі Асқар Рысбаев және экономисті Анна Аблеева баяндама жасап, түзетулер мен өзгерістер жобасы туралы айтып өтті.

Жалпы жобалау жұмыстары барысында, қала аумағын дамыту мақсатында, Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты жалпы 14 елді мекен және 2 саяжайды облыс орталығына қосу жоспарлануда. Олардың қатарында Байзақ ауданына қарасты Қызыл жұлдыз, Талас, ст. Талас ауылдары, Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық,Танты, Қоңыртөбе, ст. Шайкорык, Ақбұлым, Кемел, Түрксіб, Пригородное, Жалпақтөбе, Қызылшарық, Бектөбе ауылдары бар. Бас жоспарға сәйкес, Байзақ және Жамбыл аудандары есебінен қала аумағын 11 755,0 гектарға ұлғайту жоспарлануда десек, нәтижесінде жалпы 30 542,0 гектарды құрайтын болады.

Арман Абдешов бас жоспарға түзетулер мен өзгерістер енгізу жобасы жобалаушы мекеме тарапынан берілген ұсыныстар толығымен қамтылып, облыс әкімдігінің тиісті басқармаларынан келісім алынғандығын атап өтті.

Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, нақты көрсеткіштерді талдау және табиғи және механикалық өсуді болжау негізінде, сондай-ақ Тараз қаласының әкімшілік шекараларындағы аумақтық өзгерістерге байланысты жобалау кезеңдері бойынша қала халқының келешекті санын есептеу жүргізілген.

— Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының 2-бап 5-тармағының негізінде Тараз қаласы халқының саны 400 мың адамнан асуына байланысты, осы жобада қаланың әкімшілік аудандарының шекарасы мен қаланың әкімшілік аудандарын бөлу ұсынылған. Әрбір әкімшілік ауданның саны кемінде 200 мың адамды құрайды. Осыған байланысты Бас жоспарда әкімшілік шекара және қаланы екі әкімшілік ауданға бөлу ұсынылды,-деді Б. Орынбеков.

Облыс әкімі иригациялық жүйелер мен инфрақұрылыммен қамту, тұрғын үй құрылысы мәселелеріне айрықша ден қойып, қаланың дамуына қатысты барлық есептеулер мен талдаулар мұқият назарға алыну керектігін ескертті.

Алдағы уақытта бас жоспарға түзетулер мен өзгерістер енгізу жобасы Жамбыл облыстық және Тараз қалалық маслихатттарының отырысына келісу үшін ұсынып, содан соң жобаны сараптамаға тапсыру және ҚР Үкіметіне бекіту үшін ұсыну көзделуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.