Инвестициялық жобаларды іске асыру тапсырылды

0 24

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Сарысу ауданының активімен кездесті. Басқосуда ауданның әкімі Марат Сұлтанғалиев өткен жылы  атқарылған жұмыстар мен даму жоспарын баяндады.

Аудан әкімінің айтуынша , ауыл шаруашылығы саласы бойынша 2022-2025 жылдары аралығында 65 жобаны іске асыру көзделген. Өткен жылы 11 жоба жүзеге асып, 20 жұмыс орны құрылыпты.

Ауданда 15 ірі инвестициялық жобаны іске асыру бақылауға алынған. Бүгінгі таңда оның 3-і жүзеге асқан.

Ал, ауылдық округ бөлінісіндегі 2025 жылға дейінгі даму жоспары 3 бағыт аясында жүргізіледі. Атап айтқанда,  95 инвестициялық жоба, 116 бюджеттік жоба арқылы барлығы 2280 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде 2002-і  тұрақты, 278-і уақытша жұмыс орындары.

Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобасы арқылы 2025 жылға дейін 10 ауылдық округте 5442 жұмыс орны, оның ішінде 700 тұрақты, 4742 уақытша, ал 2022 жылға 2225 жұмыс орны ашылған.

—  Облыста инвестициялық жобаларға ерекше көңіл бөлінуде. Аймақ басшысының тапсырмасымен Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарында ауыл шаруашылығы инвестициясына ерекше көңіл бөлінетін болады. Шағын ауылдарда да  жобалар жүзеге асуы тиіс. Ол үшін ауылдық округ әкімдері әр үйдің ауласын зерттеп, зерделеп, қандай шаруамен айналысуға мүмкіндігі бар екенін білгені жөн.

Қаратау мен Жаңатас қаласына ортақ мәселе – көкеніс қоймасының жоқтығы. Екі шағын қаланың тұрғындары бүгінде 30 мыңға жуықтап қалды. Өсім бар, тұтыну бар. Яғни, азық-түлікті сақтап, тұрақты бағаны ұстап, оны өткеру маңызды. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелендіру қажет.

Мемлекет қолдауымен жастарға 5 миллион теңгеге дейін үстемесі 2,5 пайызбен 5 жылға дейін несие беріліп жатыр. Ауылдық округ әкімдері осыны да ауыл жастарына жеткізуі тиіс, — деді Қанатбек Мәдібек.

Жиын қорытындысы бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.