Жамбыл облысында Наурыз мерекесі дәстүрлі түрде ұлттық ойындармен, түрлі қойылымдар және қызықты концерттік бағдарламалармен аталып өтілді.
Бұл күні Тараз қаласының тұрғындары мен қала қонақтары «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне қарай ағылды.
Мұнда қазақы киіз үйлер тігіліп, ұлттық тағамдар, наурыз көже әзірленіп, келушілерге үлестірілді.
Арнайы жасақталған балаларға арналған аумақта қазақ ертегілерінің кейіпкерлерінен фото-аймақ, балалар қолөнерлерінің және ребототехника көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Ал, ұлттық спорт түрлері аймағы садақ ату, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу, қазақ күресі, қол күрес, қой көтеру, тоғызқұмалақ ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жұртшылықпен бірге арнайы аймақтарды аралап, танысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
— Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерексімен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз мерекесі – күн мен түннің теңелер шағы. Халқымыз үшін айтулы мереке, айрықша күн! Бұл күн – бүкіл тіршілік жаңарып, табиғат түрленіп, жаңаша кейіпке енетін күн. Сондықтан да бабаларымыз бұл күнді ерекше қадір тұтып, «әз Наурыз» деп атаған. Тамыры тереңде жатқан әз-Наурыз дана халқымыз үшін қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі.
Наурыздың тағы бір белгісі – ұқыптылық пен тазалық. Қазақ – тазалыққа етене жақын халық.Осы ұлыстың ұлы күні бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызып, қоршаған ортаны тазалау – ертеден келе жатқан дәстүріміз. Осылайша бұл түрлі сипатта атап өту арқылы біз ата-баба салтын берік ұстанып келеміз.
Жаңару мен жасампаздықтың бастауы болған әз-Наурызбен тағы да құттықтай отырып, еңбектеріңізге табыс, шаңырақтарыңызға шаттық алып келсін дегім келеді,-деді облыс әкімі.
Бұдан соң аймақ басшысы жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайларды қуанышымен құттықтап, ақ тілегін жеткізді.
Көпшілікке сахнадан ұлттық өнер – айтыс, театрландырылған композиция ұсынылып, дәстүрлі әндер айтылып, биден шашу шашылды. Батагөй ақсақал Аманжол Дүрәлі ақ батасын беріп, елдің ынтымағын, өсіп-өркендеуін тіледі.
Келесі кезекте «Достық үйінің» аумағында сауда-саттық аймағында тігілген бір үлгідегі шатырлар астында наурыз көже мен бауырсақ таратылды.
Осындай мерекелік думан ҚР Тұңғыш Президенті саябағында да өтті.
Сондай-ақ, «Наурыз жаршысы» күйме-керуені облыс орталығының Қант зауыты, Қайнар, Барысхан, Қамұқат, Шөлдала, Құмшағал, Арай, Көлтоған тұрғын алқаптарын аралап, мерекелік концерттік бағдарламарын тарту етіп, базарлықтарын үлестірді.
Мұндай мерекелік шаралар облыстың барлық аудан, ауылдық округтерінде де ұйымдастырылды.