Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданындағы бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен кездесті

0 31

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Жамбыл ауданындағы жұмыс сапары барысында Өрнек ауылындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен салынып жатқан спорт-сауықтыру кешенінің жұмысымен танысты.

Нысанның құрылысы былтыр тамыз айында басталған. Мердігері «Авторемстрой ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кешеннің құрылысын биыл қараша айында толығымен аяқтап,  ел игілігіне беруді жоспарлауда. Ол үшін бюджеттен 313 миллион теңгеден астам қаражат қарастырылған. Заманауи зәулім кешеннің құрылысы аяқталса, онда күрес,  бокс және жаттығу залы халыққа қызмет көрсететін болады. Облыс басшысы құрылыстың сапалы болуын қадағалауды тапсырды.

Ал «Өрнек» дәрігерлік амбулаториясының ғимараты 2011 жылы салынған. Бүгінде тозығы жете бастаған нысанға биыл күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Қазіргі таңда нысанның жобалық сметалық құжаттары сараптамадан өтуде.

Осылайша, ағымдағы жылы ауданда екі бірдей денсаулық сақтау нысаны – Қызылқайнар және Айшабибі дәрігерлік амбулаторияларына күрделі жөндеу жүргізіледі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы ауылдағы №17 Жамбыл колледжінің жай-күйімен, материалдық-техникалық базасымен толық  танысып шықты. Техникалық мамандық даярлайтын оқу ордасы 240 орынға шақталған десек, бүгінде 154 бала білім алуда.

Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов Тоғызтарау ауылының тұрғындарымен кездесіп, халықтың талап-тілегіне құлақ түрді.

Тоғызтараулықтар газ, ауыз су, ағын су, мектепті кеңейту секілді бірқатар мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі көгілдір отын Қаратаудағы автоматты газ тарату стансасынан тартылатынын,  ол үшін жобалық сметалық құжаттардың әзірленіп жатқанын атап өтті.

Сол секілді ауыз су құбырын жүргізу бойынша сметалық құжаттар сараптамаға жіберілген.

Ал, ағын су бойынша аймақ басшысы 3-4 жылдың көлемінде облыста жалпы 180 мың гектар суармалы алқап болса, оның барлығы тіршілік нәрімен қамтылатынын жеткізді.

Кездесуден кейін облыс әкімі ауылдықтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Аудандағы жұмыс сапарының соңында Нұржан Нұржігітов Тоғызтарау ауылының аумағындағы Аса өзенінің арнасына гидротехникалық нысанның құрылысымен танысты.

Нысанның бас мердігері «Ай-Дин Тараз құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың аяғында толығымен аяқтауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, аймақ басшысы Құмсуат ауылындағы суды тазартудың кешенді блок-модульінің жұмысымен танысты.

Айта кетейік, өткен жылы облыстағы халық саны аз 5 елді мекенде осындай суды тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылған десек, тағы 26 ауылдық елді мекенге 2023-24 жылдары аталған қондырғы орнатылатын болады. Ол өз кезегінде таза ауыз су мәселесін шешудің бір тетігі болып табылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.