Нұржан Нұржігітов: Тараз қаласының маңындағы елді мекендердің мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде

0 29

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласын аралап, әлеуметтік нысандардың құрылысы мен инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Аймақ басшысы алдымен «Победа» массивіндегі су құбырының құрылысын көрді. Жоба бойынша су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 109 150 метрді құрайды.

Облыс әкімі құрылыс жұмыстары суару жүйесінің жұмысына нұқсан келтірмеуі керектігін баса айтты.

Нұржан Нұржігітов Шөлдала массивінің тұрғындарымен кездесті.

– Тараз қаласының маңындағы массивтердің мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Атап айтсақ газдандыру жұмыстары жүргізіліп, су құбырлары тартылуда. Ендігі кезекте жолдарды жөндеуге кірісеміз.

Электрмен жабдықтау мәселесін шешу үшін 3 қосалқы станция салу жоспарлануда. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында массивте 600 орындық мектеп салынады, — дей келе облыс әкімі тұрғындарды мәселелерді шешуде жергілікті билікпен бірлесіп әрекет етуге шақырды.

Келесі кезекте Нұржан Нұржігітов 100 орындық №34 «Бақыт» балабақшасына барды. Балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін Тараз қаласы әкімдігінің білім бөліміне жобалық-сметалық құжаттаманы сапалы әрі уақытылы дайындау жүктелді.

Бұдан кейін облыс әкімі Шөлдала тұрғын алқабындағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығының қызметімен танысты.

Жуырда ғана мұнда 8 төсектік күндізгі стационар ашылған. Облыс әкімі алқап тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен 100 пайыз қамтудың маңыздылығын атап өтті.

Су қоймасын аралау барысында облыс әкімі Шөлдала, Құмшағал, Қызылабад, Қазарма, Көлтоған, Жиделі және қала маңындағы 28 саяжайға су құбырларын тарту жобасымен танысты.

Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айының соңында аяқталады деп жоспарлануда.

Аймақ басшысы Казарма ауданында салынып жатқан 180 мектептің құрылысын аралап көрді. Облыс әкімі нысан құрылысын оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды.Сондай-ақ, бұл тұрғын алапта дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Бұл туралы тұрғындар бұған дейін өтініш білдірген болатын.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес нысан ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.