Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес, ауданда көптеген спорт нысандары мен алаңшалар ашылып, тұрғындар игілігіне берілуде.
Талас ауданы Бөлтірік шешен ауылында демеушілер есебінен салынған баскетбол мен стритворкаут алаңшасы пайдалануға берілді.
Игі шараға қатысқан аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов демеуші болған жандарға алғыс білдіріп, ауыл жастарын және тұрғындарын жаңа спорт нысанының пайдалануға берілуімен құттықтады.
Сонымен қатар, «QazaqGaz» ЖШС басшылық құрамы қатысып, бұндай жобалардың алдағы уақытта өз жалғасын табатынын тілге тиек етті.
Сондай-ақ, спортты жанына серік еткен ауыл жастарына арналған ойынға қажетті сыйлықтарын тарту етті.
Ауыл ақсақалдары ақ баталарын беріп, жомарт жандарға ризашылықтарын жеткізді.
Шалғай ауылдардың бірі саналатын Бөлтірік шешен елді мекені аумағында ашылған баскетбол мен стритворкаут алаңшасы барлық стандарттарға сай. Жарықшамдар орнатылып, айналасы абаттандырылып, ойынды тамашалаушыларға жайлы орындықтар қойылған.
Заманауи спорт алаңшасы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, «QazaqGaz» барлау және өндіру ЖШС және «Дамыған әлем» қоғамдық қорының демеушілігімен салынған.