Елена Рыбакина Римде әлемнің 1-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шықты

0 27

Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина спорттық жолында алғаш рет Рим WTA 1000 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен ойнады. Осыған дейін қарсыластар өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде биыл Е. Рыбакина жеңген еді.

Бірінші партияда Ига Швентек 4:0 есебімен алға кетіп, сол қарқынынан жаңылған жоқ – 6:2.

Екінші сетте де Ига 4:2 есебімен алда тұрды. Дегенмен, Елена қайыра брейк жасап, таразы басын теңестірді. Содан кейін тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3).

Үшінші, шешуші партияда есеп 2:2 болған мезетте Швентек жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты.

Екі сағат 19 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 10 эйс жасап, 1 брейк-пойнтты мүлт жібермеді. Қарсыласы 1 эйс, 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, биыл Елена әлемнің бірінші ракеткасын үш рет ұтты.

Е. Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 20-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен таласады. Ол ширек финалда тартысты кездесуде испаниялық Паула Бадосаны жолдан тайдырды – 6:2, 4:6, 6:3.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Римде әлемнің бірінші ракеткасымен ойнайтынын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Тимофей Скатов Ролан Гаррос турниріне дайындалып жатыр.

Анна Данилина жұптық сында Париж жарысының жартылай финалына өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.