Мемлекеттік тапсырыс бойынша биылғы жылға бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралары 4 (төрт) айлық жоспарға сәйкес өз деңгейінде орындалды. Аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстарына 6,9 млн. манипуляция жүргізілді. Аталған мәліметті Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Жыл басынан бруцеллезге тексеру үшін қан сынамасын алу бойынша 1,0 млн. манипуляция орындалып, диагностикалық тексерулер нәтижесімен бруцеллез ауруы анықталған ауыл шаруашылығы жануарлары (мүйізді ірі қара-100 бас, ұсақ мал-210 бас) қолданыстағы Заң аясында санитариялық талаптармен сойылып, кезең кезеңімен қайта өңдеуге жіберілуде.
Облыс аумағында 1 ауру түрінен 2 ошақ (құтыру Шу-1 және Т.Рысқұлов-1) анықталып, оларда карантин шаралары қойылып, бүгінгі күнге аурудың көзін жою және сауықтыру жұмыстары толық жүргізілді. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың тіркелуі 2 есеге төмен.
2023 жылға арналған Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстары облыс әкімінің орынбасарымен бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізіліп, бірдейлендірудің деректер қорына енгізілуде.
Айта кетейік, облыс бойынша 4 айда ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында (бұдан әрі — АШЖБ) барлығы 4,5 млн. бас ауыл шаруашылығы жануарлары (522 мың бас ірі қара, 3,8 млн. бас ұсақ мал, 8 мың бас шошқа, 180 мың бас жылқы, 7,5 мың бас түйе малы) тіркелген. Облысымыз мал саны жағынан Республика бойынша екінші орында.