Жамбыл облысындағы барлық елді мекендер Жол картасына сәйкес 4G интернетпен қамтылады

0 19

Жамбыл облысында 2025 жылдың соңына дейін облыстағы елді-мекендер 100 пайыз 4G интернетпен қамтылатын болады. Бұл жұмыстар ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен облыс әкімдігі арасында 2023-2027 жылдарға арналып бекітіліген Жол картасы аясында жүзеге асады.

Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осыған айрықша басымдық берді.

— Аталған жол картасына сәйкес, 2027 жылға дейін 165 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G–ге арттыру, 28 елді мекенді электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен, 155 елді мекендегі мемлекеттік мекемелер талшықты-оптикалық байланыс желісімен, республикалық және облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету сияқты міндеттер тұр,-деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес өңірде халықпен кері байланыс жүйелі жолға қойылғандығы да айтылды.

Осы орайда облыс әкімі, облыс әкімінің орынбасарларының, облыс әкімі аппаратының жауапты қызмектерлерінің аудандар мен елді мекендерге шығу кестесі бекітіліп, арнайы алгоритмі әзірленген.

— Азаматтардың өтініштерін сапалы әрі мерзімінде қарау мақсатында облыс әкімдігінде арнайы топ құрдық.

Ауылдық округ әкімдеріне әр отбасына кіріп, олардың әлеуметтік мәселелерін қарау, туындаған мәселесін жергілікті жерде шешу жөніндегі міндеттер жүктелген.

Айталық, жыл басынан бері түрлі деңгейдегі әкімдермен  610 кездесу өтіп, 1000-ға жуық азамат қабылдауда болса, онда 314 азаматтың  мәселесі оң шешімін тапты.

Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органның басшылық құрамына бір айда бір тұрғынның мәселесін шешу жөнінде міндет жүктеліп отыр,-деді Нұржан Нұржігітов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.