Таразда 10 жаңа автобус пайдалануға берілді

0 9

Тараз қаласында «Smart City Servise» ЖШС-гі тарапынан қосымша 10 бірлік  «Golden Dragon» маркалы автобустар пайдалануға берілді.

Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, қоғамдық көліктердің жағдайымен танысты.

– Облыс орталығында автобустардың тапшылығы мәселесін шешу мақсатында биыл жыл соңына дейін 70 автобусты ел игілігіне ұсынуды жоспарлап отырмыз. Өткен айда 23 жаңа қоғамдық көлік жеткізілсе, бүгін тағы 10 автобус пайдалануға берілді.  Бұл бағыттағы ілкімді істер әрі қарай да өз жалғасын табады. Біз әрдайым халықтың жоғары сұранысына ие, жұртшылыққа сапалы қызмет көрсететін тасымалдаушы серіктестікпен тығыз жұмыс істейміз, – деген Бақытжан Орынбеков автобус жүргізушілерінің мәдениетін жақсартып, олардың еңбекақысын арттыру қажеттігін де жеткізді.

Жалпы сыйымдылығы 90 адамға арналған  автобустардың 4 бірлігі қазіргі №9 маршрут бағытына беріліп, «Шаңырақ» алқабына қызмет көрсететін болады.

Еске сала кетейік аталған бағыт «Талас» ауылынан бастап Саңырақ батыр көшесіне дейін жүру жиілігі 10 минуттан қатынаған еді. Енді көптеген тұрғындардың сұранысына орай ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап «Көктем» алқабы арқылы «Арай» алқабындағы Бәйдібек баба көшесіне дейін бағыты ұзартылды.

Ал қалған 6 қоғамдық көлік пандемияға дейін тоқтап қалған №56 маршрут бағытын қайта іске қосады.  Аталған бағыт  №13 «Бәйтерек» ықшам ауданынан бастау алып, Айша бибі, Тәуке хан, Б.Момышұлы, Сейфуллин, Лермонтов, Ташкентская көшелері арқылы Абай және Төле би даңғылдарын қамтумен «Ауыл береке» базарына дейін (жиілігі 15 минуттан) жүреді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.