Жамбыл облысында әлемнің 8 елінен келген қолөнершілер өзара тәжірибе алмасуда

0 37

Тараз қаласында кеше басталған «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты ІІ халықаралық көрме жалғасуда. Шара барысында әлемнің 8 елінен келген қолөнершілер өзара тәжірибе алмасуда.

Өңірдің туристік имиджін ілгерілету, отандық қолөнершілерді халықаралық деңгейде танымал ету мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға 250-ден астам қолөнершілер қатысуда.

– Киізден, жүннен жасалған бұйымдарымызды арнайы Қырғыз Республикасынан алып келдік. Өнімдерімізге қызығушылық танытып жатқан жандар аз емес. Тауарларды біртіндеп сатып жатырмыз. Мұндай іс-шара көптеп өткізілуі керек. Бұл екі елдің арасындағы қарым-қатынасты нығайтады әрі қолөнершілер өзара тәжірибе алмасады. Ал біз қолөнер бойынша жаңа бағыт алатын боламыз, – дейді Қырғыз Республикасының Джалал-Авад облысынан келген Тотықан Өскембаева.

Қолөнершілердің бұйымдары «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Галерея» мен «Көрме залына» қойылған. Көрмені тамашалауға келген жұрттың қарасы да, еріктілердің саны да қалың.

– «Аспара» колледжіің қолдауымен ұйымдастырып жатқан көрме тамаша өтуде. Азия-Тынық мұхиты, Орталық Азия, Еуропа және таяу шетелдерден 250-ге жуық қолөнершілер қатысуда. Қатысушылардың ішінен мен Үндістаннан келген үнді әйеліне көмектесудемін. Дәл қазір сауда қызып жатыр. Көбінесе хна мен білезіктер өте жақсы өтуде, – дейді волонтер Балауса Тұрар.

Айта кету керек, шара 4 маусымға дейін жалғасады. Көрме аясында жас суретшілер мен қолөнершілер байқаулары өтеді. Сондай-ақ Тараз қаласының тарихи орындары мен көрікті жерлеріне турлар ұйымдастырылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.