Жамбыл облысында Мемлекеттік Рәміздер күніне орай бірқатар шаралар ұйымдастырылды.
Бұл күні Тараз қаласындағы бірқатар мекемелер мен тұрғын үйлердің терезелеріне Мемлекеттік ту іліп, құрмет көрсетті.
Бұдан соң мерекелік вело және автошеру қала көшелерін жүріп өтті.
Сондай-ақ, ҚР Тұңғыш Президенті саябағында қала тұрғындарының қатысуымен «Туған жерім менің – Қазақстаным!» атты париоттық форумы өтті.
Шара барлық қатысушылардың Мемлекеттік Гимнді бірге орындауымен ашылды.
Айта кетейік, бұл күнгі шаралар орталықтағы бірқатар мекеме және кәсіпорындардың қызметкерлері мен тұрғындардың бір уақытта Мемлекеттік Гимнді қатар орындауымен айшықталды.
Форумда облыстың тумасы, Мемлекеттік Тудың авторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, суретші, Шәкен Ниязбековтың туғанына 85 жыл толып отырғандығы айрықша аталып, тұлға рухына құрмет көрсетілді.
Шараға қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров жиналғандарды мерекемен құттықтап, Мемлекеттік Рәміздердің мән, маңызына тоқталды.
Сондай-ақ, патриотизмді нығайтуға, облыстың қоғамдық-саяси өмірінің дамуына қосқан үлесі үшін бірқатар азаматтар ҚР мәдениет және спорт министрлігінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Форум патриоттық сарындағы концерттік бағдарламаға ұласты.
Мұндай мерекелік шаралар облыстың барлық аудандарында да ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтарға ерекше әсер сыйлады.