Қазақстан мен Германия Президенттерінің Астана қаласында өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Олардың бірі – ҚР Жамбыл облысы әкімдігі мен «Кнауф Гипс Тараз» ЖШС арасында гипсокартон парақтары мен құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаны іске асыру туралы келісім.
«Кнауф Гипс Тараз» ЖШС Жамбыл облысында құрылысқа арналған гипсокартон және құрғақ қоспалар өндіру жобасын жүзеге асыруға ниетті. Құны шамамен 15 млрд. теңгені құрайтын жоба жүзеге асқан жағдайда 100 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жамбыл ауданында жоспарланған жоба 2023-2026 жылдар аралығында жүзеге асады деп күтілуде. Өнім ел аумағында өткеріледі.
Компания жақын арада жаңа зауыттың құрылысына шамамен 60 миллион еуро инвестициялауды жоспарлап отыр.
Бүгінгі таңда аталған ЖШС инфрақұрылым құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуде.
Алдағы уаққытта зауыт өнімі Қазақстан аумағында өткізу жоспарлануда.
Сондай-ақ, айта кетейік, облыста тағы бір неміс компаниясы «Monterra Qasaqstan» ЖШС доре алтын өндіру жобасын жүзеге асыруда. Қуаттылығы 10 000 келі доре қорытпасын құрайтын жобаның құны 832 млрд. теңгені құрайды. Жоба жүзеге асқан жағдайда 800 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қордай ауданындағы жоба 2026 жылға қарай толығымен іске қосылады деп көзделуде. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүруде.
Сонымен қатар, «SYBAC SOLAR» неміс компаниясы аймақта қуаттылығы 400 МВт болатын күн электр станциясын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыруға ниетті.