Н. Нұржігітов: Тазалық мәселесінде талап қатаң болуы тиіс

0 6

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрғалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі қатты тұрмыстық қалдықтарды тазалау, оларды тастауға арналған полигондарыдың жай-күйі және санитарлық тазалық мәселелері қаралды.

Басқосуда алғашқы болып баяндама жасаған табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Олжас Баққараев облыста барлығы 163 полигон бар екендігін, оның бесеуі жеке меншікте, 158-і коммуналдық меншікте жұмыс істейтінін жеткізді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың алты айында облыс аумағынан 25,1 мың тонна қалдық жиналған.

Облыстағы коммуналдық меншіктегі 158 полигонның барлығы қоршаған ортаға арналған эмиссияға рұқсаты рәсімделіп, санитариялық талаптарға сай құрылған.

Дегенмен, өткен жылы өңірдегі полигондарды зерделеу барысында қосымша 8 полигонның қоршауларын қалпына келтіру қажет екендігі анықталды.

Аймақтағы 220342 ауланың 141 958-і қалдықтарды тасымалдау бойынша келісім шартқа отырған. Яғни, қалдықтарды тасымалдау қызметі тек Тараз қаласы және аудан орталықтарында жүргізіледі. Айта кетерлік, Қордай және Мойынқұм аудандарында қалдықтарды тасымалдау қызметімен айналысатын мекемелер жоқ.

— Биыл ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша облыс аумағында 190 стихиялық қоқыс орны анықталып, 54 кездейсоқ қоқыс орны жойылған. Қазіргі уақытта, Тараз қаласындағы 15, Байзақтағы 8, Жамбылдағы 10, Қордайдағы 1, Шудағы 67 қоқыс орындарын жою қажет,-деді Олжас Баққараев.

Ал, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова 2021-2022 жылдары тазалау  жұмыстарына жалпы 11,8 млрд. теңге бағытталып, ағымдағы жылы 8,4 млрд. теңге жоспарланғандығын жеткізді.

Өз кезегінде, қоқыс шығаруға аудандар мен Тараз қаласы бюджетінен 79,5 млн. теңге қаралса, оның 50,4 млн. теңгесі аудан орталығы мен қалаларды тазалық жұмыстарымен қамтуға бөлінген.

Ауылдық округтерде қоқыс шығаруға Жуалы ауданы тарапынан 3,6 млн. теңге, Меркі ауданы – 7,3 млн. теңге, Мойынқұм ауданы – 9,6 млн. теңге, Шу ауданы – 8,6 млн. теңге бағыттаған.

Кездейсоқ жерлерге қоқыс тастағаны үшін жалпы 4,2 млн.теңгеге айыппұлдар салынып, 3,4 млн. теңгесі өндірілген. Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарында ескерту берумен шектеліп, айыппұл мүлдем салынбаған.

Сондай-ақ, кәсіркерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейбітбек Жайлыбаев қазіргі уақытта Тараз қаласы мен аудандарда 13 кәсіпкер 2,4 мың тонна пластмасса, қағаз, металл қалдықтарын жинақтап, қайта өңдеу бойынша жұмыс істейтіндегі атап өтті. Облыста бүгінгі таңда тұрмыстық қатты қалдықтарды өндіру бойынша әлеуетті үш инвестициялық жобаның жүзеге асу барысы бақылауда екендігін тілге тиек етті. Үш жоба да «Тараз индустриялық аймағында» қарастырылуда.

Бұдан бөлек басқосуда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те есеп берді.

Облыс әкімі кейбір мәселелер бойынша аудан әкімдерінен жеке-жеке жауаптар алып, басқарма тарапынан бақылауды күшейту керектігін баса айтты.

— Қоқыстарды тек бюджет есебінен шығарып отыруға болмайды.  Ауылдардағы аулалалармен келісімге тұрып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарды полигонға тұрақты шығарып отыру ісіне кәсіпкерлерді тарту қажет. Бұл жұмыстарды үйлестіру – ауылдық округ әкімдерінің міндеті. Тиісті тарифті бекіту, осы тұрғыдағы әдістемені қайта қарау – маңызды.

Сонымен қатар, салынған айыппұл көрсеткіші көңілден шықпайды. Ескертумен шектеле берсек, кездейсоқ қоқыс орындарынан арыла алмаймыз. Айыппұл салу арқылы, тұрғындарды тазалық сақтауға үйрете аламыз. Тазалық мәселесінде талап қатаң болуы тиіс,-деген Нұржан Нұржігітов жауаптыларға облыс және аудан орталықтарындағы тұрғындардың өтініштерін негізге ала отырып, қоқыстарды уақытылы тазалап отыруды ұйымдастыру керектігін тапсырды.

Жиында орындаушылық тәртіп мәселелесі де жан-жақты қаралды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.