Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді

0 19

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келіп, су шаруашылығы ардагерлерімен кезектен тыс кездесу өткізді.

Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының «Жамбыл су қоймалары» мекемесінде өткен кездесуде әуелі сөз алған Нұржан Нұржігітов тек облыстағы су мәселесіне ғана емес, сонымен қатар республика көлеміндегі өзекті деген су мәселелеріне кеңінен тоқталды.

– Өздеріңізге белгілі, таяуда ғана жаңадан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қабылдау өткізіп, бірқатар нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Сонымен қатар, ел Президенті су мәселелерін шешуде шет мемлекеттермен тығыз дипломатиялық қарым-қатынас орнату керектігін баса айтты. Одан бөлек, біз бұл мәселені түбегейлі жою үшін суды жинау және үнемдеуді мықтап қолға алып, Су кодексімен жұмыс жасауымыз қажет. Тағы айта кетерлік мәселе – биыл облыста ағын судың тапшылығына байланысты біраз егін алқаптары күйіп кетіп, шаруаларды шығынға батырды. Алдағы уақытта мұндай олқылықтар орын алмас үшін, министрлік жаңа жүйе қалыптастырып, ереже құруымыз керек. Бүгінгі кездесудегі мақсат та осы, – деді Нұржан Нұржігітов.

Өз кезегінде сала ардагері Асанхан Мамажанов облыста жер асты суын алуға мүмкіндік жоғары екенін айта келе, су ұңғымасын салуды мықтап қолға алу керегін айтты.

Ал, профессор Сагит Ибатуллин Республика көлемінде Балқаш көлінің жағдайы қиын екенін, дер кезінде бұл мәселені қолға алмасақ көл Арал теңізінің күйін кешіп, тартылып қалу қауіпі жоғары екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, министрге су мәселелерін шешуде жасаған бағдарламасын, жоспарларын көрсетіп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін білікті кадрларды дайындау қажеттігін сөз етті.

Жиын барысында, сонымен қатар бұл мәселе төңірегінде біраз ұсыныстар айтылып, сала ардагерлері іс-тәжірибелерін ортаға салып, пікір алмасты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.