Облыс әкімінің сапары Жаңатұрмыс ауылдық округінде жалғасты.
Өңірдегі оң көрсеткіштерге,оның ішінде Т.Рысқұлов ауданындағы нәтижелі жұмыстарға тоқталған аймақ басшысы тұрғындар мәселесін тыңдады.
2600 ден аса тұрғыны бар ауылдық округ әкімі Ерсайын Қуандықтың айтуынша, 120 шаруа қожалық егін және мал шаруашылығымен айналысуда. Асыл тұқымды қой өсіру ісі де қолға алынған.
Биыл ауылда 15 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Тұрғындар көгілдір отынмен, жаңа ауыз су жүйесімен қамтылған. Келесі жылы спорт кешені ел игілігіне берілмек. Жоспарланып отырған 90 орындық мәдениет үйінің құрылысын да халықтың санына қарап 140 орынға көбейту мәселесі зерделенуде. 18 шақырымдық жерасты су құбырларын жүргізудің құжаттары әзірлену үстінде. 13 шақырымдық Жаңатұрмыс каналының жартысы тазаланып, қосымша анықталған 5 шақырым каналды игілікке айналдыру жоспарда. Ауылдық округте былтыр он тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болса, биыл екі адам кәсібін бастаған. «Асарлатып үй салу» жобасы да жүйелі жүргізілуде.
Жиында ауыл тұрғыны Қалдыбек Карипов білім саласы бойынша мәселе көтеріп, ауыл мектебінде алты ай бойы басшы жоқ екенін жеткізді. Сонымен қатар мектеп асханасы жөндеу көрмеген, асхана мен акт залы қыста жылымайтынын айтты.
Білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек облыста 140 мектепке күрделі жөндеу қажет екенін атап өтіп, алдымен апатты мектептердің мәселесі шешілетінін, ал Жаңатұрмыстағы мектептің жөндеуі 2025 жылдық жоспарда тұрғанын атап өтті. Ауданның Құрметті азаматы Қадірбек Құлбарақ ауыл маңындағы автобаннан көліктер жоғарғы жылдамдықпен өтетінін, жүргізушілер жол белгісіндегі шектеуге қарамайтынын атап өтіп, оған қоса ауылдағы аты жоқ көше, саябақ, енді салынатын мәдениет үйіне ауылдан шыққан ғалым Әдібай Табылды, ақын Қуандық Шолақ секілді азаматтардың есімі берілсе деген ұсынысын жеткізді. Жауаптылар алдағы жылдан бастап күре жолдың бойындағы ауылдардың қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілетінін тілге тиек етті. Ал аймақ басшысы еңбек адамдарына құрмет көрсету бағытында атау беру мәселесі қолға алынатынын айтты.
Сонымен қатар жаңатұрмыстықтар жастарды жұмыспен қамту, жол жөндеу мәселелерін көтерді.
Облыс әкімі кездесу барысында айтылған барлық мәселе бойынша аудан және ауыл әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.