Облыс әкімі мәдениет қызметкерлерінің мәселелерін тыңдады

0 4

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев өңіріміздегі бірқатар мәдениет саласының өкілдерімен кездесті.

Еркін форматта өткен кездесуде аймақ басшысы алдымен өңірдегі салада атқарылып жатқан жұмыстарға, алдағы жоспарларға қысқаша тоқталып өтті.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады» деп атап өтті. Президентіміз рухани басқосуда Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу туралы бастаманы көтеріп, тарихи таным аясын кеңейтудегі археологияның маңыздылығы, тамыры терең төл шежіремізді зерттеу, ұлттық құндылықтарымызды әлемге таныту бағытында келелі ойлар айтып, жұмыстың жаңа бағыттарын айқындады. Ұлттық Құрылтайда айтылған міндеттер аясында облыстағы идеологияны дамытуға арналған концепция әзірленуде. Тың бастама ретінде Жамбылтану орталығында «Ақындар, термешілер, жыршылар орталығын» ашу, республикалық деңгейде «Шерхан Мұртаза атындағы мемлекеттік сыйлық» тағайындау, «Жастар» театрын ашу және өзге де бастамалар қолға алынуда. Бұл жобалар Әулиеата өңіріндегі өнер мен мәдениеттің деңгейін арттыратыны анық,-деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, облыс әкімі бүгінгі күні аймақтағы 500-ден астам мәдениет мекемесінде 3500-ге жуық адам жұмыс атқарып келетіндігін атап өтті.

Ағымдағы жылы ауылдарда мәдениет нысандарын салу және жаңарту бойынша 1,5 млрд. теңгеге 14 мәдениет нысанының құрылысы жүруде десек, бүгінге 3 нысанның құрылысы аяқталған.

Бұдан бөлек, 30 мәдениет нысанын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланып, оның 15-інде жұмыстар аяқталған.

Биыл Жамбыл облысы әкімдігінің бастамасымен жергілікті қаламгерлерді, ақын-жазушыларды қолдау мақсатында олардың кітаптарын басып шығару бойынша жұмыстар жүруде. Оған жергілікті бюджеттен 50 млн. теңге қаралған.

Жиында тарихи нысандарды таныту, өңірдің тартымды табиғатын тиімді пайдаланып, туризмді дамыту мәселелері де сөз болды.

Өз кезегінде сала өкілдері де көкейдегі сауалдарын жолдап, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылхан Шүңіреков әйгілі «Тараз» триосының елу жылдығын кең көлемде атап өтуге қолдау білдіруін сұрап, қазақ ән өнеріндегі триода ән айту Тараздан бастау алғанын атап өтті.

Ал, Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының артисі, Қазақстанның Халық артисі Мәкен Рахымжанова театрдың 90 жылдығына орай халықаралық фестиваль ұйымдастыру, ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу мәселелерін көтерді.

Сонымен қатар, сала ардагері, «Мәдениет, спорт, туризм кәсіптік одағы» облыстық филиалының төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев мәдениет саласының техникалық қызметкерлерінің жалақысына 30 пайыз үстемеақы қосу, жатақхана салуға қатысты мәселелердің өзектілігін жеткізді.

Облыс әкімі барлық мәселелер міндетті түрде назарға алынып, шешу жолдарының мүмкіндігі қаралатынын баса айтты. Аймақ басшысы, жақын арада мәдениет нысандарын, соның ішінде Қазақ драма театрының ғимаратына арнайы, барып жағдайымен, жұмысымен танысатынын тілге тиек етті.

Ербол Қарашөкеев мәдениет қызметкерлерімен тоқсанына бір рет кездесіп тұруға келісті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.