Қазақ халқының ертеден келе жатқан ізгі дәстүрлерінің бірі – асар. Жамбыл ауданында 2020 жылдан бастап «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 29 үй пайдалануға берілген.
Жоба жалғасын тауып, ауданға қарасты Жалпақтөбе және Шайқорық ауылында мереке қарсаңында екі отбасыға баспана кілті табысталды. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен жергілікті кәсіпкерлердің атсалысуымен бой көтерген үй ардагерлер алқасының шешімімен тұрмысы төмен, отбасында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған жанұяларға берілді. Осы уақытқа дейін аталған екі отбасы ауылда жалдамалы үйде тұрып келген. Айта кету керек тұрғын үй барлық талапқа сай соғылған. Балалалар бөлмесі бөлек әрі ауласы кең. Барлық бөлмелер үй жиһаздары және қажетті заттармен қамтылған.
Қуанышты басқосуға ауыл қариялары, тұрғындар мен аудан басшылары қатысты.
Жалпы ауданда жоба арқылы осымен 31-ші үй пайдалануға берілді. Игі іс алдағы уақытта жалғасады.