Жамбыл облысында су тасқыны қаупі бар аумақтарда тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылуда

0 23

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев су тасқыны қаупінің алдын алу және жою мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Басқосу барысында ТЖД және салалық басқармалардың, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің есептері тыңдалып, оларға нақты тапсырмалар берілді.

Аймақ басшысы су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды үйлестіру мен сапалы іске асыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

— Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті міндеттер жүктеді. Біз нақты іс — қимыл жоспарына дайын болып, кез келген қауіп-қатерге жедел әрекет етуіміз керек, — деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов су тасқыны жағдайын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылып, су қоймаларының толу дейгейіне үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, халықты қабылдауға арналған 396 пункті дайындалған.

Жағдайға жедел ден қою мақсатында 1459 адам, 364 бірлік техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралын қамтитын арнайы топтар құрылған.

Ербол Қарашөкеев жағдайды бақылауда ұстауды, су тасқыны қаупі бар учаскелерде қажетті резервтер мен мобильді топтарды қалыптастыруды, техниканың дайындығын тексеруді талап етті.

Сондай-ақ, облыс әкімі Тараз қаласының басшылығына облыс орталығындағы және тұрғын алқаптардағы барлық каналдар мен арықтардың тазалығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Кеңес барысында облыс орталығы мен аудан әкімдерінен жауаптар алынып, «Қазсушар» РМК өңірлік филиалының бас инженері Ербол Әбдірахмановтың су қоймаларының жай-күйі туралы есебі тыңдалды.

— Басты мақсат – адамдардың қауіпсіздігі. Аудан әкімдері мен басқарма басшылары су қоймаларының, су нысандарының жай-күйін және су тасқынына дайындығын жеке өздері барып көріп, тексеруі тиіс. Қатардағы маманды жіберіп, қағазда бәрі жақсы деп жазып берген жауап қабылданбайды. Нақты, шынайы жағдайды анықтап, соған сәйкес тиімді шаралар қабылдануы керек. Жалған ақпарат бергендердің жауапкершілігі қаралатын болады, — деді облыс әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.