Жамбыл облысында медицина қызметкерлері арасындағы байқаудың жеңімпаздары анықталды

0 15

«Денсаулық сақтау саласындағы үздік ұйымдастырушы» атты медицина қызметкерлері арасындағы облыстық байқау өтті.

Аталған конкурс денсаулық сақтау саласында кәсіби құзыреттіліктері мен көшбасшылық қасиеттері жоғары деңгейде қалыптасқан медицина қызметкерлерін анықтау, өңірлік кадр резервін жасақтау мақсатына негізделді.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев алдымен «Таза Қазақстан» республикалық акция аясында «Қан орталығының» ауласында ағаш отырғызу шарасына қатысып, мекеменің жұмысымен танысты.

Аймақ басшысы аталған конкурстың маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, Мемлекеттің қолдауымен денсаулық сақтау саласына барынша көңіл бөлініп отырғандығын, соған сәйкес, көрсетілетін қызметтің сапасы жоғары деңгейде болуы керектігін баса айтты.

Төрт кезеңнен («Таныстыру», «Дода», «Мекеменің даму формуласы», «Көкпар») тұрған байқау барысында 20 медицина қызметкері өзара сынға түсті. Жарыс барысында мамандардың заңдарды, нормативтік құқықтық актілерді, денсаулық сақтау саласындағы негізгі мәселелерді білу деңгейіне басымдық берілді.

Қазылар құрамында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова, басқарма басшысының орынбасары Лаура Отарбай, Maгистр MBA, doktor Phd, «Actual Med» ЖШС-нің директоры, денсаулық сақтау саласының эксперті, қоғамдық денсаулық сақтау ұйымдастырушысы Айнагүл Байбекова, облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Фарида Жүнісова, денсаулық сақтау саласының ардагерлері (үздігі) Ораз Досқұлов, Төленбек Саурбаев, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Ержан Утеулиев болды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде облыстық мамандандырылған оңалту орталығының бас дәрігері Төлеген Бүгібаевқа бұйырды. Жүлделі бірінші орынға Қордай аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айдын Байбеков, екінші орынға Меркі аудандық орталық ауруханасының Жылжымалық медициналық кешеннің меңгерушісі Қаламқас Төреқұл, ал үшінші орынға облыстық көп бейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлнұр Қазанғапова лайық деп табылды.

Бұдан бөлек, он қатысушы «Үздік көшбасшы», «Мерейлі дәрігер», «Үздік инноватор», «Үздік үйлестіруші», «Үздік сарапшы», «Үздік ментор», «Үздік спикер», «Білгір дәрігер», «Үздік стратег» номинациялары бойынша марапатталды.

Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларға Алғыс хаттар мен қаржылай сертификаттар табысталды.

Айта кетейік, бүгінде облыстық денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базаcын нығайтуға барынша көңіл бөлінуде. Мәселен, өткен жылы 19 медициналық нысан пайдалануға беріліп, 11 нысанға күрделі жөндеу жүргізілген. Биыл 24 медициналық нысанның құрылысы басталып, жыл соңына дейін 22 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Өңірде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 нысан салу жоспарлануда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.