Жамбыл облысының полиция қызметкерлері күнделікті әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында көлік жүргізушілері тарапынан ұдайы жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтауда.
Бейнежазбалар арқылы анықталған көлік құралдарының жүргізушілері құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, олармен профилактикалық бағыттағы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Көлік құралдары айып тұрағына қойылды.
Әлеуметтік желідегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жол ережелерін бұзу оқиғалары көбінесе 18-28 жас аралығындағы жүргізушілер тарапынан контент жинау мақсатында бейнежазбаға түсіріле отырып жасалады. Айта кетерлігі, олар өз әрекеттерімен өзге көлік жүргізушілерінің өмірі мен денсаулығына қандай қауіп тудырып отырғанын ескермейді.
Жолдағы қауіпсіздікті, ең алдымен, сіздің жауапкершілігіңіз қамтамасыз ететінін есте сақтаңыз. Жол қозғалысы ережелерін елемеудің соңы қайғылы оқиғаларға әкелуі мүмкін.
Жамбыл облысының Полиция департаменті Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды, қызық үшін құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігін ескертеді.