Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Саран қаласындағы жылу жүйесінің ақауына жол берген адамдар жауапқа тартылатынын айтты.
«Бүгін бәрін аяқтау қажет. Бірінші кезекте бұл Саран қаласы әкімінің жеке жауапкершілігі және облыс әкімдігі тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы. Менің тапсырмам бойынша қазір тексеру жүріп жатыр. Жылу беретін нысанның дайындығы туралы жалған ақпарат берген адамдардың бәрі жауапқа тартылады. Осы отырыстан кейін Энергетика министрі Саран қаласына барып, бәрін өзі тексереді. Нәтижесі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жібереміз. Егер қылмыстық құрам болса, кінәлі адамдардың бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылады», — деді Премьер-министр.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, шаһарға бүгін толық жылу беріледі.
«Саран жаңа орталық қазандығында 4 қазандық орнатылды. 13 қазанда №1 қазандық іске қосылды және тәулік ішінде шығатын температура 55 градус болды. 13 қазанда қазандық төмен қайнаған қабат пен насос жабдығы автоматикасының дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Режимдік баптау жұмыстары жалғасып жатыр. Ақаулардың шығуына байланысты жылумен жабдықтауды резервтік схемаға көшіру туралы шешім қабылданды. 124 үй резервтік жылытуға қайта қосылып, жылу беріліп жатыр. Бүгінгі күннің соңына дейін барлық үйлерге жылу беріледі», — деді әкім.
Еске салсақ, елдің басым бөлігінде күн суыған кезде Қарағанды облысының Саран қаласында жылу жүйесінен ақау шыққан болатын.