Жамбыл облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында 24 400-ге жуық қора-жайда залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі

0 6

Жамбыл облысында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмыстары 15 сәуірден басталады. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаев хабарлады.

Бақыт Бетбаев баяндамасында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шараларына кеңінен тоқталды.

Өңірдегі 46 елді мекен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында орналасқан. Биыл 24 392 қора-жай (көлемі 5,7 млн шаршы метр) мен 168 мың шаршы метр буферлік аймаққа, барлығы 580 мың бас ауыл шаруашылығы жануарына залалсыздандыру жұмыстары ІІІ кезең бойынша жүргізіледі.

Залалсыздандырудың бірінші кезеңі ағымдағы жылдың 15 сәуірінен басталып, ІІ-ІІІ кезеңдері тамыз-қыркүйек айларында атқарылады.

Іс-шараларға қажетті дәрі-дәрмек толығымен сатып алынды.

Залалсыздандыру жұмыстарын ветеринария басқармасына қарасты ветеринариялық станция жүргізеді. Оған 38 ветеринар мен 23 бірлік техника жұмылдырылады.

Жыл басынан бері кене шаққан адамдардың қан сынамасы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына теріс нәтиже көрсетті.

— Залалсыздандыру шаралары сапалы орындалуы тиіс. Жұмыстың нәтижесі күн сайын зерделеніп отыруы қажет, — деген Ербол Қарашөкеев жеке тұрғын үйлердің аулаларында және мал қораларында механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бұдан бөлек, кенеден сақтану жолдарын оқушыларға кеңінен түсіндіруді, мал базарлары мен қасапханаларда санитарлық нормалардың сақталуын қатаң бақылауға алуды ескертті.

Басқосуда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылған жұмыстардың есебін берді.

Облыс әкімі елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын сапалы жүргізу, саябақтар мен балалар ойын алаңшаларын ретке келтіру, тұрғындардың экологиялық мәдениетін нығайту бойынша жауаптылардың алдына нақты міндеттер қойып, орындалу мерзімін белгіледі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.