Таразда қазақстандағы ең үлкен шағын аудандардың бірі «Ұлы Дала» аумағында заманауи ірі жобалар жүзеге асуда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің өркендеуі – ел дамуының негізі екенін үнемі айтып келеді. Бұл ой ел Президентінің халыққа арнаған Жолдауларында да айқын көрініс табуда.
Осы бағытта қазіргі таңда Тараз қаласында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Бақытжан Орынбеков қала әкімі болып тағайындалған сәттен бастап шаһардың 2023–2025 жылдарға арналған Даму картасын әзірлеуді қолға алды. Бұл картада облыс орталығындағы барлық саланың өркендеуін қамтитын нақты мақсат-міндеттер көзделген.
Бүгінде Даму жоспарында айқындалған мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін тауып келеді. Соның нәтижесінде Тараз қаласы тотыдай таранып, дамудың даңғыл жолына түсті. Шаһар көлемінде жанданып жатқан жобалар барлық салаға серпін беріп, көкжиегін кеңейтуде. Әсіресе, әлеуметтің әлеуеті артып, бұқара мен билік арасында берік байланыс орнай түсті.
Осы жұмыстардың алғашқы қадамы – 2024 жылдың 29 қаңтарында Үкіметтің қаулысымен қаланың жаңа Бас жоспары бекітілді. Осы Бас жоспарда қалада екі аудан құру қарастырылған болатын. Соған орай Тараз қаласымен іргелес жатқан Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45 701 тұрғыны бар 14 елді мекен қалаға қосылып, халық саны 480 мыңнан асты. Нәтижесінде, көне шаһарда «Әулиета» және «Жібек жолы» аудандары құрылды. Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және шаһарды оңтайлы басқаруды қамтамасыз етпек.
Қазір «Әулиеата» ауданында жалпы 273 766 адам тұрады. Сондай-ақ ауданда 13 шағынаудан, 997 көп қабатты үй, 7 саяжай алқабы, 18 тұрғын үй алабы, 487 көше, 158 бұрылыс, 365 аялдама, 29 619 жеке үй орналасқан. Соның ішінде еліміздегі ең ірі шағынаудандардың бірі саналатын «Ұлы дала» шағынауданына айрықша тоқтала кеткеніміз жөн.
Бақытжан Әмірбекұлы қызметіне кіріскен кезде аталған шағынауданда бірқатар қордаланған мәселелер бар болатын. 2015 жылы алғашқы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес бұл шағынауданда 60 көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Соған орай 2015–2017 жылдар аралығында инженерлік инфрақұрылым желілерінің табиғи газ, ауыз су, кәріз, жылу, электр жүйелері құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілсе, 2018 жылы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Алайда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына бірнеше мәрте өзгеріс енгізілуіне байланысты осы аумақта салынып жатқан ғимараттардың саны екі жарым есеге артты. Соның салдарынан көптеген мәселелер туындады. Аталған мәселелердің шешу жолдары шаһардың үш жылға арналған даму картасында айқын көрініс тапқан.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде бүгінде «Ұлы дала» жаңаша кейіпке еніп келеді. Шағынауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Оның 4-і арендалық, 18-і кредиттік үйлер.
2018–2023 жылдар аралығында шағынауданда 110 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның ішінде 12 үй несиелік негізде салынды. Былтырдың өзінде 34 көпқабатты үй бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, оның 10-ы ел игілігіне берілді.
Жалпы «Ұлы дала» шағынауданында бүгінгі күні 45 мыңға жуық адам тұрады. Мұнда көлемі 917 418 шаршы метр болатын 14 402 пәтер салу жоспарланған. Осылайша, көпқабатты тұрғын үйлердің саны 144-ке, ал жеке тұрғын үйлер 967-ге дейін жеткізілмек. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру кешені де бой көтеруде. Жобада бокс, гимнастика, күрес, жаттығу, таэквондо, воркаут және әмбебап залдар, сондай-ақ кіші футбол алаңшасы қарастырылған.
Бұған қоса шағын ауданда биыл Халыққа қызмет көрсету орталығының да құрылысы аяқталды. Заман талабына сай жабдықталған орталық күніне 250-300 адамға қызмет көрсете алады. Мекеменің жанынан жапсарлас «Неке қию» орталығы да ашылмақ. Бұл қаладағы неке қиятын жалғыз мемлекеттік орталық болмақ.
Өткен жылғы қыс мезгілі тұрғындар үшін едәуір қиындық тудырғаны жасырын емес. Бірқатар үйде жылу температурасының төмендеуіне байланысты шағым түскен еді. Осы мәселені шешу үшін шағынауданда сорғы станциясының құрылысы жүргізілді. «Строй Монтаж Group» ЖШС мердігерлігімен салынған нысанның жобалық қуаттылығы – 1600 м³/сағ. Бүгінде іске қосылған станция шағынаудандағы жылу ағымын реттеп, мәселені түбегейлі шешуге өз септігін тигізіп отыр.
Бүгінде қаланың ирригациялық жүйесін жақсартуға да барынша ден қойылуда. Бұған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша тоқталған болатын. Аталған бағыттағы жұмыстар қаланың шырайын ашып қана қоймай, су тасқыны қатерінің алдын алатыны сөзсіз.
Осы мақсатта облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен шаһар аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алынған болатын. Осының нәтижесінде «Сенім Құрылыс Сервис» ЖШС мердігерлігімен ««Түйте» каналының «Ұлы дала» шағынауданы мен «Бурыл» алқабы ортасындағы бөлігі абаттандырылды. Каналдың жаңғыртудан өткен бөлігінің ұзындығы 1 738 метрді құрайды. Ал жобаның жалпы аумағы 34, 7 шаршы метр болса, оның 9,1 шақырымы – жаяу жүргіншілер жолағы.
Абаттандыру аясында су арнасының жағалауы көгалдандырылып, жабындылар төселіп, орындықтар қойылды. Осылайша, канал бойы тұрғындар үшін тамаша демалыс орнына айналып отыр. Енді алдағы уақытта шағынаудан ішімен ағып өтетін «Үшбұлақ» каналының үстіне көпір салынып, су арнасының алғашқы кезеңде 1,2 шақырымы жаңа кейіпке енеді. Жобада каналдың жағалауын саябақ ретінде көгалдандыру, воркаут, спорт алаңшалары және зейнеткерлерге арналған тыныштық аумағы көзделген. Бүгінде эскиздік жобалар дайын және жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Шағынауданның егжей-тегжейлі жоспарына сәйкес мұнда төрт жалпы білім беретін мектеп, бес балабақша, екі медициналық орталық жедел жәрдем станциясы, мешіт, Бином» ЖШС есебінен алты тұрғын үй салу көзделіп отыр. Бұған қоса, оңалту орталығы мен екі әкімшілік мемлекеттік ғимараттың құрылысы да жобада қарастырылған.
Мәселен, бүгінге дейін шағынауданда 1200 орынды екі мектеп, 2000 орынды 1 мектеп есігін айқара ашты. Оның ішінде екі оқу ордасы Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтерді. Жобаға ішкі жолдар, жаяу жүргіншілер жолы, аялдамалар мен арық жүйелерін салу және абаттандыру да қарастырылған. Атап айтқанда15-ші шағынаудандағы 16 көшеге асфальт төселіп үлгерді. Қалған көшелердің құрылысы ағымдағы жылға өтпелі.
Қорыта айтқанда, Тараз қаласының оңтүстік-батысында орналасқан «Ұлы дала» шағынауданы соңғы жылдары ауқымды құрылыс жобалары мен инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарының арқасында облыс орталығының ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан аумағына айналып келеді. Осындағы құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасы шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да айтарлықтай әсер етуде. Келешекте бұл шағынауданның әлеуметтік және экономикалық әлеуеті одан әрі арта түсетіні сөзсіз.