Бүгін аудан әкімі “АУЫЛ-CLUB” облыстық art-тимбилдинг іс-шарасында бірінші орынды иеленген мәдениет үйі мен клуб меңгерушілерінен құралған «Super Stars» командасын қабылдады.
Қабылдау барысында аудан әкімі Байзақ өңірінің абыройын биік етіп, мәртебесін асқақтатқан команда мүшелерінің айрықша өнер көрсеткені үшін алғысын айтты. Сондай-ақ, өңірдің мәдениет саласына барынша көңіл бөлініп жатқанын, өнер адамдарын қолдау, шығармашылық жобаларды жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасатынын тілге тиек етті. Биылғы жылы Мырзатай ауылында мәдениет ошағы пайдалануға берілетіндігін, дүбірлі додада мәдениет саласы өкілдерінің жетістіктері-үлкен жетістік екендігін атап өтті.
— Біз сіздермен мақтанамыз. Әрдайым биіктен көріне берулеріңізге тілектеспін. Шығармашылық шабыт, отбасыларыңызға береке тілеймін. Жетістік пен сәттілік әрдайым серік болсын, — деді аудан басшысы.
-Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Талас ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен тұңғыш рет өткен «Ауыл-Club» облыстық Art-тимбилдинг іс-шарасына барлық аудандардан командалар қатысты. Біздің команда ұсынған тимбильдингтік бағдарлама 10 бөлімнен тұрды. «Интро», «Туған жер», «Қыздар-ай», «Әулиеата кітап оқитын өңір», «Жұмысшы мамандықтар жылы», «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы», «Аудан мәдениетінің әр жылдардағы дамуы», «Біз-қазақ елінің баласымыз», «Тимбильдингтің түйіні» тақырыптары бойынша өнерімізді көрсетіп, жиналған көрермендерді тәнті еткенімізді мақтанышпен айта аламын, — дейді әл-Фараби атындағы мәдениет үйінің директоры Қуандық Құрманәлі.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев пен аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов та жеңімпаздарды құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Қабылдау соңы естелік суретке түсуге ұласты.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.