Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық форум өтті.
Бұл игі шара ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келіп, А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының «Ұлт ұстазы» атты театрландырылған көрінісімен салтанатты түрде ашылды.
Форумның ресми бөлімінде Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай құттықтау сөз сөйлеп, тілдің қоғамдағы маңызына тоқталып, өңірде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген тіл жанашырлары мен жас буын өкілдерін ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, облыс әкімінің және басқарманың алғыс хаттарымен марапаттады.
Шара барысында тілге деген құрмет пен азаматтық жауапкершілік жайлы тағылымды ойлар айтылды. Форумға арнайы шақырылған қонақтар қатарында «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақтияр Бекназаров, Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Тараз қаласы ТЖБ инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Карина Карташова, Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның мұғалімі, көркемсөз оқу шебері, Абай оқулар облыстық байқауының Бас жүлдегері Ерлан Нұрланов, сондай-ақ әнші, киноактер Сергей Сымыкин мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.
Форумның рухани жалғасы ретінде Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасы ұсынылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.