Білім күнінде Темірбек ауылдық округінің Сарыбарақ ауылында 100 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қуанышты сәтті тамашалауға ауыл тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Немерелері осында оқитын қариялар батасын беріп, ақ жаулықты аналар шашуларын шашты.
Білім ошағының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев арнайы келді. Оқушылар мен ұстаздардың және ата-аналардың қуанышын бөлісіп, ізгі лебіздерін жолдады. Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен ашылды.
«Әдемі-ау» бишілер тобының орындауында «Қазақ биі», «Жас қанат» квартеті «Мектебім» әнімен көпшілікті тәнті етті. Ауыл ақсақалы Елемес Есімовтің ақ батасынан соң мердігер мекеме – «Қазмұнайқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Асылбек Жантаев жаңа мектеп директоры Бағдат Адиловке ғимараттың символикалық кілтін тапсырды. Дәстүрге сай, мектептің лентасы қиылып, тәттіден шашу шашылған соң есігі айқара ашылған жаңа нысанды аралап, оның заманауи инфрақұрылымымен танысты.
Жаңа мектепте 22 педагог бір ауысымда 108 балаға білім береді. Ол үшін 12 оқу бөлмесі, кітапхана, компьютер, лингафонды-мультимедиалық кабинеті, ұлдар және қыздар шеберханасы, медициналық кабинет, жеделсаты (лифт) қарастырылған. Сондай-ақ, кең, жайлы спорт залы мен 30 орындық асханасы бар. Мектеп ауласында спорттық ойындарға арналған екі алаң және балалар ойын алаңы салынған, бұл оқушылардың дене дамуына және белсенді өмір салтын ұстануына ықпал етеді. Сондай-ақ, оқушылар «Логикалық математика», «Көркем жазу», «Тоғызқұмалақ» үйірмелерімен қамтылып отыр. Балалардың алаңсыз оқып, мәдени, спорттық іс-шараларға қатысып, ізгі істермен шұғылданып өсуіне барлық жағдай жасалған, заманауи үлгіде жабдықталған мектептен үлгілі тұлғалардың түлеп шығарына сенім мол.
Айта кетейік: Биыл аудан бойынша 1 802 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білімнің бастауы — «Әліппені» қолға алып, оқушы атанды. Өткен оқу жылында түлектеріміз жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Ұлттық бірыңғай тест қорытындысымен 848 түлектің 654-і мемлекеттік грант иеленді.
Жаңа оқу жылында Диқан-2 ауылындағы тірек мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Аққия ауылында 100 орындық жаңа мектеп ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.