Биыл шаһарда 1 000 қоқыс жәшігі ауыстырылды

0 6

Қала тазалығы мен жайлылығы – шаһар мәдениетінің, тұрғындардың тұрмыс сапасының және экологиялық ахуалдың айқын көрінісі. Соңғы жылдары урбанизация процесінің үдеуімен қатар, қалаларда тұрмыстық қалдықтардың көлемі де артып келеді. Бұл мәселе, ең алдымен, шаһар инфрақұрылымының сапасына тікелей байланысты. Соның ішінде, қоқыс жәшіктерінің саны мен сапасы – қаланың тазалығы мен экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басты құралдардың бірі.

Қазіргі таңда облыс орталығында орнатылған қоқыс жәшіктері ескірген, сынған немесе санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайларда тұр. Мұндай инфрақұрылым тек көріксіздік тудырып қана қоймай, шаһардың экологиялық ахуалына да кері әсер етеді. Ашық немесе жарамсыз жәшіктерден қоқыс айналаға шашылып, ол түрлі аурулардың таралуына, антисанитариялық жағдайлардың пайда болуына әкеп соқтырады. Сонымен қатар заманауи жәшіктердің болмауы қалалық қызметтердің жұмысын да қиындатады. Өйткені қоқысты жинау үдерісі баяулап, тұрғындардың наразылығын тудыруы мүмкін.
Осыған орай Таразда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Айталық, бүгінде қалада тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған 372 алаңша бар. Олар 1 587 дана жәшікпен қамтылған. Ағымдағы жылы қалдықтарды тастауға арналған 160 алаңша жаңартылуда. Сондай-ақ биыл «Жасыл ел-Тараз» мекемесі тарапынан 1 000 қоқыс жәшігі ауыстырылды. Аталған мекеме алдағы уақытта тағы 100 жәшікті жаңалауды жоспарлап отыр. Олар Абай, Төле би, Жамбыл даңғылдары және орталық көшелерге қойылды.

Аман ЕСЕН

Leave A Reply

Your email address will not be published.