Бүгін түнде Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының Жалпы дебатында сөз сөйледі. Президенттен ұйым алдындағы сын-қатерлер мен жаһандық өзгерістердің бағыт-бағдарын естідік. Қазақстан тарапынан ұйымды реформалауға қатысы бұған дейін айтылған ойлар да қайта қаузалды. Осы орайда Kazinform тілшісі мінберде көтерілген мәселелер мен Президент ұсынған идеяларға шолу жасап көрді.
Реформаға бір қадам: әлем ортақ келісімге мұқтаж
Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымдағы келеңсіздікті ғаламдық саяси үрдістермен сабақтастыруға тырысты. Кей елдер үшін халықаралық құқықты өрескел бұзу «қалыпты жағдайға» айналғаны, көпжақты институттарға деген сенім дағдарысы ушыққанын ашына айтты. Оның үстіне ұйым ережесі ескірді, әскери-құқықтық саладағы негізгі ұстанымдары заман талабына жауап бере алмауда. Сондықтан әлем халқы кешенді өзгерісті талап етіп отыр.
Президенттің айтуынша, жаңғырту қадамы Қауіпсіздік кеңесін реформалаудан басталуы шарт. Ғасырға жуық құрамы жаңармаған кеңеске жаңа леп әкелетін уақыт жетті. Әсіресе, қайта құрылымдау ісіне санаулы мемлекет қана емес, барлық континент толық қатысуы маңызды.
– Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына Азия, Африка және Латын Америкасындағы ірі елдердің өкілдері ротация тәртібімен ұсынылуы керек. Сонымен қатар Қазақстан жауапкершілігі бар орта державалардың үні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде барынша анық естілуі қажет деп санайды. Іс жүзінде орта державалар қазірдің өзінде теңгерімді сақтауға және өзара сенімді нығайтуға үлес қосып, халықаралық қатынаста жағымды рөл атқара бастады. Ұлы державалардың бастары бірікпегенде немесе барша адамзатты алаңдататын өзекті проблемаларды шешуге қауқарсыздық танытқанда, мұндай елдер БҰҰ аясында дәнекерге айналады, – деді Президент.
Саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның сөзінше, Қауіпсіздік кеңесін қайта құрылымдайтын уақыт әлдеқашан келді. Қазіргі саяси-экономикалық жағдаймен санасу шарт. Кеңеске мүше елдердің Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі түсініктен әлі арыла алмай отырғаны орынсыз.
– БҰҰ-да екі мәрте демократиялық толқын жүрді. 1960 жылдары Африка құрлығындағы елдер тәуелсіздігін алды. Кеңес одағы ыдыраған шақта Шығыс Еуропа, Азия, Посткеңестік мемлекеттер азаттыққа қол жеткізді. Содан бері заман өзгерді. Кезіндегі алпауыт мемлекет қазір орта деңгейге түссе, кеше ғана тәуелсіздігін алған ел халық саны жүздеген миллион адамға жететін, триллиондаған экономикалық айналымы бар державаға айналуда. БҰҰ осы шындықты ескеріп отырған жоқ, – дейді сарапшы.
Спикардің пікірінше, өзгерісті жаңадан іздеудің қажеті жоқ. Бұған дейінгі көп концепция, сүзгіден өткен тәжірибе бар. Ең танымалы, Қауіпсіздік кеңесіне әр құрлықтың мемлекеті ауысып отырсын деген ой еді. Бүгін Президенттің ұстанымы осы нұсқамен мәндес шыққанын байқауға болады.
БҰҰ-ның құқықтық санатына тікелей қатысты ұсыныстың келесі тармағы – Жарғылық өзгеріс. Президент мемлекеттердің Жарғыны қолайына қарай қолдануы ұйым беделіне нұқсан келтіріп отыр дейді. Ол аздай, құжаттағы қағидаттар босаң, ондағы егемендік пен аумақтық тұтастыққа қатысты көзқарастары түрліше тәпсірленеді. Осыны пайдаланған мүдделі топтар Жарғыдан әскери әрекетін ақтауға себеп тауып келеді.
– Әлем сенімге, ашықтыққа және ортақ жауапкершілікке арқа сүйейтін жаңа консенсусқа зәру.Мысалы, Жарғыдағы Екінші дүниежүзілік соғыстан бері келе жатқан «жау мемлекет» ережесін халықаралық қоғамдастықтың басым бөлігі ескірген деп санайды. Сондықтан Жарғыны қайта қарау мәселесін талқылайтын уақыт келді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы ядролық қарусыздандыру бағытына ден қойды. Байқағанымыз, Қазақстан ядролық державалар арасындағы келіссөз көпірі болуға дайын, жаппай қырып-жою қаруын таратпау жөніндегі диалогты қолдап отыр. Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру ұсынысын, ядролық қаруды таратпау және сынақтарға тыйым салу идеясын қолдауға бейіл.
Фото: Ақорда
Президент тыныштықты сақтау үшін қаржы ағынын аңғару керек деген ұстанымда. Яғни, мемлекеттердің бейбітшілік жолында қанша қаржы жұмсап отырғанын мұқият бақылауды ұсынды. Бұлкейінгі уақытта күшейген әскери бюджеттердің негізділігін, болашақ қақтығыстардың алдын алу үшін қажет.
– Бүгінде біз алаңдатарлық ахуалға куә болып отырмыз: қарулануды шектейтін шарттар сақталмайды, демек, стратегиялық тұрақтылықтың да іргесі сөгіле бастады. 2024 жылы дүние жүзінде әскерді жарақтандыруға кеткен шығын 2,7 триллион долларды құрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ал жаһандағы зорлық-зомбылықтың шығыны 20 триллион долларға жуықтады. Сондықтан әлемдегі қауіпсіздік архитектурасын қайта қалпына келтіру халықаралық қоғамдастық үшін ең басты басымдық болуға тиіс – деді Президент.
Аталған сандардың мысалға енуі тегін емес. Қасым-Жомарт Тоқаев мінберді пайдаланып Украина мен Газа секторындағы ахуалға қатысты ойын жеткізді. Бұған дейін Таяу Шығысқа бағытталған Арабтың бейбіт бастамасы, Нью-Йорк декларациясы, Ибраһим келісімі секілді дипломатиялық құжаттардың нәтижесіне оң баға беріп, келер қадам да осы ізбен жасалуын құптаған болатын. Бастысы, қарапайым халықтың амандығы, гуманитарлық көмектің кедергісіз жетуі маңызды деді.
Президент баяндамасындағы «қақтығыс» ұғымы тек әскери іс-қимылға қатысты емес, қоғамдық дүниетаным аясында да көрініс тапты. Мемлекет басшысы көп саясаткердің «өркениет қақтығысы» туралы ойына сын көзбен қарап, мұны алауыздыққа әкелетін пікір деп баға берді. Себебі геосаяси бөліністің салдарынан санкциялар салынып, діни ұғымдар бұрмаланып жатыр. Тіпті, бұл – тағдырдың жазуы емес, саяси таңдау екенін бүкпесіз айтқанын көрдік.
Ауғанстанға көмек жалғасады
Жасыратыны жоқ, Қазақстан Орталық Азияның ғана емес, Таяу Шығыстың да қауіпсіздігінде елеулі орын алып келеді. Біз білетін басты мысал – Ауғанстан дағдарысында еліміз жан-жақты көмекті тоқтатқан емес. Президент БҰҰ отырысында осы ұстанымын қайталап, әлем елдерін Ауғанстанға гуманитарлық-экономикалық көмек көрсетуге ұдайы шақырды. Осы орайда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы мен «Орталық Азия бестігі» шешуші рөл атқара алатынын білдірді.
– «Орталық Азия бестігі» ынтымақтастығын нығайтуда. Сол арқылы тату көршілік дамуға да, қауіпсіздікті күшейтуге де оң септігін тигізетінін дәлелдеп отыр. Соның арқасында біздің өңір әлемдегі негізгі серіктестерімен «Орталық Азия плюс» форматында диалог жүргізе бастады. Қазақстан Ауғанстанның инклюзивті дамуын аймақтағы ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің кепілі деп санайды. Біз ауған халқына гуманитарлық көмек көрсетіп, сауда, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым және көлік тасымалы салаларындағы ықпалдастығымызды жалғастыра береміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз арасында аймақтық қауіпсіздік климат өзгерісі мен су ресурстарына да тәуелді екені сезілді. Президент Орталық Азияда ауа температурасының төмендеуі мен Алатау мұздықтары тез ери бастауына алаңдаушылық білдірді. Бұл құрғақ түсінік емес, миллиондаған халықтың су және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер екенін айтты.
22 сәуір – Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні
Қазақстан Арал теңізінің қасіретінен сабақ алып, Каспий теңізін сақтауға ынталы. Кешенді шара әлем халқының қолдауынсыз шешілуі қиын. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қоғамдастықты Каспийдің су қорын сақтау үшін жедел шараларды бірлесе қабылдауға шақырды.
Осы орайда Президент былтыр Қазақстан Франция, Сауд Арабиясы және Дүниежүзілік банкпен бірлесіп One Water саммитін өткізгенін еске салды. Ал келесі жылы сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммитте анағұрлым басым бағыттар талқыланатынына сенімді.
Жалпы жиында экологияға қатысты Қазақстанның оң тәжірибесі мен бастамалары ерек көзге түскенін көруге болады. Еліміз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы арқылы еріктілік жұмысы мен табиғатты қорғауда алдыңғы шепке шықты.
Енді экологияны жақсартуға еріктілерді тарту міндеті тұр. Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық жер шарын көгалдандыру күнін белгілеуді ұсынды.
– Қазақстанның бастамасымен БҰҰ 2026 жылды Орнықты даму мақсаттары жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрін осы маңызды бастамаға қолдау білдіріп, ынтымақтастық орнатуға шақырамыз. Осы орайда Бас Ассамблеяға 22 сәуірді Халықаралық жер шарын көгалдандыру күні деп жариялайтын қарар қабылдауды ұсынамын, — деді Мемлекет басшысы.
БҰҰ мінберінде ел басшысы ішкі саясаттағы жаңалықтарды атаусыз қалдырмады. Инвестициялық әлеует, Орта дәліздің мүмкіндігі, ЖИ саласындағы реформа, елдің саяси құрылымындағы өзгеріс тақырыбын жатық жеткізді. Ерекше есте қалғаны, Қазақстанда үш жылдың ішінде толық цифрланған елге айналмақ.
Орайы келгенде мінберге шыққан өзге көшбасшылардың кесек ойы, тың ұстанымын тарқата кеткен жөн. Ғаламдық тәртіп пен қауіпсіздіктің тізгінін ұстаған алпауыттардың көзқарасы БҰҰ-ның келешегіне тікелей әсер етері анық. Оның үстіне бүгін Қауіпсіздік кеңесіне мүше АҚШ пен Франция лидерлері оқыс мәлімдеме жасаудан тартынбағаны байқалды.
Алдымен Дональд Трамптан бастайық. Бұл Трамптың БҰҰ мінберінен 2020 жылдан бері алғаш рет сөйлеуі. Ақ үй басшысы мінберге шыға салысымен техникалық ақау шығып, суфлердің істемей тұрғанына шағымданды. Кейін сөзін бастаған ол өткір мәлімдемені қарша боратқан еді. Алдымен БҰҰ-ның салмағын құнсыздандырып, бейбітшілікті орнату ісінде жеке өзі көбірек еңбек етіп жүргенін айтты.
– Президенттік қызметімде жеті бірдей ұзаққа созылған соғысты аяқтадым, соның ішінде Камбоджа мен Таиланд, Косово мен Сербия, Конго мен Руанда, Пәкістан мен Үндістан, Израиль мен Иран, Египет пен Эфиопия, Армения мен Әзербайжан қақтығысы бар. Біреулер маған осы еңбегім үшін Нобель сыйлығын беру керек дейді. Бірақ мен үшін ең үлкен сыйлық енді осы елдерде соғыстың тоқтап, балалардың аман қалатыны, – деді Ақ үй басшысы.
Әрине, мұндай сөз сыңайы Трамптың риторикасына жат емес. Аталған ойды бұрын да талай мәрте естіп жүрміз. Асыра айтылған тұсы болғанымен, ішінара ақылға қонымды да. Бірнеше сағаттан кейін сөз алған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Әзербайжан мен Армения қарым-қатынасының қалыпқа келуіне АҚШ-тың арағайындық жасағанын айтқан еді.
Ақ үй басшысына Еуропа елдерінің Ресейден энергия ресурстарын сатып алуы ұнамаған секілді. НАТО-ға мүше елдер Ресей мұнайынан бас тартпаса, соғыс та тоқтамайды деген ой айтты. Солай дей тұра ол Еуропадағы энергетикалық дағдарыс шиеленісіп тұрғанын мысалға келтірген. Алайда Трамп талабы бар, балама жолы жоқ тақырып көтерді десек болатындай.
АҚШ көшбасшысы Иран, Газа мен Ресейге байланысты саяси ұстанмдарын ортаға салды. Айтуынша, Иран ядролық немесе биологиялық қару жасауды біржолата тоқтатуы керек. Егер бұған жол берсе, БҰҰ-ның өзіне жойылу қауіпі төнеді. Ал Кремль бейбіт келісімге келмеген жағдайда ауыр тарифтер салуға дайын, Палестинаны мемлекет ретінде тануды ХАМАС-қа тым үлкен сыйлық деп қысқа қайырды.
Қай елдер Палестинаны мойындады?
Сөзсіз, БҰҰ-дағы ең айтулы тақырып Палестинаны мемлекет ретінде мойындау ұстанымы болды. Бірнеше күн бұрын Австралия, Канада, Португалия, Ұлыбритания Палестинаны мемлекет деп таныған болатын. БҰҰ жиынында бұл қатарға Франция мен Түркия қосылды. Алдағы уақытта Мальта, Андорра, Бельгия, Люксембург, Сан-Марино да көзқарасын нақтыламақ.
Кез келген мемлекеттің тәуелсіз статусын алуы үшін БҰҰ-да мойындалуы аса қажет. Франция президенті Эммануэль Макрон мен Түркия мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоғанның ұйым жиынында тікелей мойындап, өзге елдерді қосылуға шақыруы Палестинаның азаттығы үшін жасалған нақты саяси-құқықтық қадаммен тең.
Неліктен? Себебі БҰҰ-да бұл мәселе бірнеше рет басы ашық күйде қалған-ды. Есте болса, ұйым қарарына сүйенсек, бұған дейін Палестина жерінде екі мемлекет құрылуы керек болған. Бірі – еврей мемлекеті, екіншісі – араб мемлекеті. 1948 жылы Израиль тәуелсіздігін жариялағанымен, араб елі – Палестина мемлекеті сол күйі құрылған жоқ, ұлттық әкімшілік деңгейінде қалды.
Әзірге Анкара мен Париждің бұл шешімін алпауыт G7 елдері толық қабылдаған жоқ. АҚШ, Италия, Германия секілді мемлекеттер қолдаудан тартынып отыр.
Қызығы, БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өткен Палестина саммитінде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның микрофоны өшіп қалды. Техникалық ақау дәл «Газадағы геноцид» туралы айта бастаған тұсқа сәйкес келіп, микрофон 1 минут 40 секунд бойы өшкені әлемдік БАҚ-та қызу талқыланды. Кейін Түркияның Қоғамдық байланыс басқармасы келеңсіздік регламентке сәйкес болғанын айтты. Яғни техникалық ережеге сәйкес, белгіленген уақыттан асқан спикердің микрофоны автоматты түрде сөнеді екен.
Біріккен Ұлттар Ұйымында айтылған ойдың шеңберіне әлемдік қақтығыстар, реформалау мәселесі, өзара келісім мәселелері кіргенін көрдік. Бәрінің ортақ ынтасы – соғыс атаулыны тоқтату, бейбіт өмірге қадам жасау. Бұл орайда Мемлекет басшысының «көшбасшылар жауапкершілігі» идеясы ізгі ойлардың аяқсыз қалмауына түрткі болатынына сенім басым.