Заманауи технологиялар дәуірінде баланың сапалы білім алуын жеңілдетуге бағытталған тың бастамалар көбейіп келеді. Солардың ішінде ерекшеленетін әрі жаңашылдығымен көзге түскені – Тараздық жас ұстаздар құрастырған «Restart Online» атты білім беру платформасы. Жобаның негізін қалаушылар небәрі бір жыл ішінде онлайн веб-платформа жасап, оны 1000-нан астам оқушы сынақтан өткізген. Олардан түскен оң пікірлер мен сұраныстың көбеюі – бұл жобаның шынайы қажеттіліктен туындағанын дәлелдейді. Енді жоба авторлары мобильді қосымшасын іске қосып, оны бүкіл республика бойынша кеңейтуді жоспарлап отыр.
Жобаның негізін қалаушы әрі академия директоры Аңсар Әкімнің айтуынша, жоба алғашында қарапайым онлайн сабақ ретінде басталған.
— Біз тек білім беруді ғана емес, оның қалай берілетінін де өзгерткіміз келді. Оқушы бір нәрсені үйренсе, оны шын мәнінде түсінуі керек. Сол себепті біз жеке даму траекториясы мен бейімделген тапсырмалар жүйесін енгіздік. Яғни, әр оқушы өз деңгейіне қарай оқиды, – дейді ол.
Аңсардың сөзінше, бүгінгі білім беру жүйесінде оқушының қажеттілігін ескеру маңызды. Себебі бір сыныпта 25 оқушы оқыса, олардың бәрінің қабылдау деңгейі бірдей емес. Бірақ стандартты жүйе бәріне бірдей тапсырма береді. «Restart Online» бұл қателікті түзеп, оқушының оқу барысын жеке-жеке қадағалап, соған қарай мазмұн ұсынады.
Жоба 1-9-сынып оқушыларына арналған. Негізгі пәндер ретінде математика, логика, ағылшын тілі және информатика таңдалған. Информатика тек код жазу емес, бұл – баланың логикалық ойлауын, алгоритмдік дағдысын қалыптастыратын маңызды құрал. Оның ішінде жасанды интеллект негіздері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар да қамтылған.
Платформада әр оқушы тапсырма орындаған сайын виртуалды теңге жинайды. Бұл баланың қызығушылығын арттырып, мотивацияны көтереді. Апта сайын қорытынды емтихан өткізіліп, нәтижеге қарай оқушыларға қосымша сыйақылар мен көтермелеулер беріледі. Бұл – оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырудағы тың тәсілдердің бірі.
Ата-аналар да платформада жеке кабинет арқылы баласының үлгерімін, белсенділігін қадағалап отыра алады. Жүйе мейлінше қарапайым әрі қолжетімді етіп жасалған: кез келген Android немесе iOS құрылғысы арқылы қолдануға болады.
Жобаның техникалық бөлімін басқарған — Ақниет есімді жас әрі талантты программист. Ол – КТЛ (қазіргі БИЛ) түлегі, халықаралық олимпиадаларда топ жарған, Яндекс стажировкасын сәтті аяқтаған маман. Бірақ оның бар білімін шетелге емес, туған елдің игілігіне арнауға шешім қабылдауы – нағыз патриотизмнің көрінісі.
Ақниет Яндексте жұмыс істеу мүмкіндігін, халықаралық жобаларға қатысу ұсыныстарын қабылдамастан, бар күшін Restart Online-ға жұмсады.
– «Яндекс – менің армандарымның шыңы еді. Бірақ бұл жобада мен нақты бір баланың тағдырына әсер ете аламын. Бұл — менің елімнің болашағына салынған инвестициям», – дейді ол.
Ақниет жобаның бүкіл құрылымын, тапсырмалардың логикасын, бейімделу жүйесін алты айда өз қолымен жасап шықты. Ол тек техниктік бөліммен емес, педагогикалық мазмұнмен де тікелей жұмыс істеген. Себебі оның НИШ мектебінде ұстаз болып істеген жылдары білім беру жүйесінің ішкі проблемаларын терең түсінуге мүмкіндік берген.
Академия құрамында тағы бір мықты маман бар — жас математик Арыстанбек. Ол да өз өмірін ауыл балаларына сапалы білім беруге арнаған. Арыстанбек — педагогикалық университетті жаңа тәмамдаған, бірақ бірнеше жылдан бері қалалық мектептерде тәжірибе жинақтап, НИШ, КТЛ сияқты үздік білім ордаларына дайындық жүргізген маман.
Ол ауылда сабақ бере жүріп, қала баласы мен ауыл баласының мүмкіндіктеріндегі алшақтықты анық сезінген. Осы мәселе оны технология арқылы шешудің жолдарын іздеуге итермелеген.
– Біз неге тек қаладағыларға сапалы білім береміз? Ауыл баласының да арманы бар. Бірақ оған жеткізер жол жоқ. Мен сол жолды онлайн платформалар арқылы салғым келді, – дейді ол.
Арыстанбек Restart Online-ның математикалық бөлімін жасап шықты. Онда әр тақырып бойынша теория, бейімделген тапсырмалар, талдау, тест, және қорытынды жүйелі түрде енгізілген. Әсіресе, олимпиадалық есептер мен күрделі логикалық сұрақтар баланың сыни ойлау қабілетін дамытуға бағытталған.
Бүгінгі бала ақпаратты тез қабылдайды, бірақ тез жалығады. Сондықтан платформаның тағы бір ерекшелігі – геймификация. Әр оқушы тапсырма орындаған сайын «виртуалды теңге» алады, ол кейін нақты марапатқа айналады. Бұл тәсіл оқушылардың белсенділігін арттырып, үй тапсырмасын орындауға деген қызығушылығын оятады.
Ата-аналар да процестен тыс қалмайды. Олар баласының жетістігін күнделікті көріп, кері байланыс алып отырады. Бұл — отбасылық деңгейде білімге деген көзқарасты өзгертуге бағытталған нақты қадам.
Жоба алғашқы инвестициялық кезеңде 50 миллион теңге тартты. Бұл – жобаның әлеуетін байқаған инвесторлардың сенімі. Қазіргі уақытта команда мобильді қосымшаны Play Market пен App Store платформаларына жүктеуге дайындық жүргізіп жатыр. Алдағы уақытта жоба мазмұны кеңейіп, жаратылыстану пәндері мен қазақ тілі, тарих пәндері де қосылмақ.
Сондай-ақ, жоба авторлары білім басқармаларымен бірлесіп, жобаны мемлекеттік деңгейде енгізуге жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жүйе ауыл мектептері үшін үлкен мүмкіндік болуы мүмкін. Себебі интернет пен телефон болса жеткілікті – сапалы білім қолжетімді болады.
«Restart Online» — бір қарағанда қарапайым стартап. Бірақ оның астарында терең мақсат, ұлтқа қызмет ету ниеті жатыр. Бұл – ауыл мен қала арасындағы білім теңсіздігін жоюды мақсат еткен, жас қазақстандықтардың отансүйгіштігі мен жаңашылдығының нақты көрінісі.
«Егер осы платформаның арқасында бір ғана бала өз арманына жетсе – біздің еңбегіміз зая кеткен жоқ», – дейді Аңсар, Ақниет және Арыстанбек.
Бұл — білім жолындағы шынайы күрес. Бұл — болашаққа салынған инвестиция. Бұл — ел ертеңі үшін жасалған қадам.