Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты.

Іс-шара барысында өңір басшысы барша жамбылдықты еліміздің ең басты мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Республика күні – егемен еліміздің бірлігі мен тұтастығын айшықтап, мемлекетіміздің мәңгілік іргетасын қалаған айрықша мереке. Бұл – ел тарихындағы маңызды белес, тәуелсіздікке бастау болған күн, – деді облыс әкімі. – Азаттық – қай халық үшін де ең қастерлі ұғым. Тарихтың сын сәттерінде қазақ халқы ел тағдыры үшін бір тудың астына жиналып, ұлт болашағы жолында аянбай күресті.Бүгінде Қазақстан әлемдік аренада өз орнын айқындап, бейбітшілік пен татулық қағидаттарын берік ұстанған тәуелсіз мемлекетке айналды. Президентіміз атап өткендей, «Егемендікке қол жеткізу оңай емес, ал оны сақтап тұру одан да қиын». Сондықтан біз тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай қорғап, келер ұрпаққа аман жеткізуіміз қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі өз сөзінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, жамбылдықтардың тынымсыз еңбегі мен табанды талпынысы ел өркендеуінің берік негізіне айналып отырғанын атап өтті.
Жыл басынан бері өңірдің экономикалық өсімі 10,2 пайызды құрады. Барлық салада оң динамика байқалады.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 967,8 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,3 пайызға артты.
Ауыл шаруашылығында 363 млрд теңгенің өнімі өндірілді, бұл былтырғы көрсеткіштен 3,1 пайызға жоғары.
Инвестиция тарту бағытында да айтарлықтай өсім бар. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 491 млрд теңгеге жетіп, 39,1 пайызға артты. Бұл көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы республикадағы жетекші өңірлер қатарында.
Құрылыс саласында 254,9 млрд теңгенің жұмысы атқарылып, өсім 16,5 пайызға өсті. 522,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Әлеуметтік инфрақұрылым да қарқынды дамуда. Биыл 6 денсаулық сақтау нысаны ашылды, жыл соңына дейін 60 жаңа санитарлық автокөлік сатып алу жоспарланған.
Білім беру саласында 26 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 15-і биыл ел игілігіне берілмек. Қазірдің өзінде 7 мектептің құрылысы аяқталды, оның төртеуі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған. Сондай-ақ 8 білім ошағы күрделі жөндеуден өтті.
Нәтижесінде 1 апатты, 1 үш ауысымды, 7 орын тапшылығы бар және 6 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешімін тапты.
Спорт саласында да серпін бар: 21 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Биылдың өзінде 2 спорт кешені мен 23 спорт алаңшасы пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 9 нысан іске қосылады деп жоспарлануда.
Жыл басынан бері жамбылдық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда 1 197 медаль (387 алтын, 318 күміс, 492 қола) жеңіп алды.
Мерекелік шара марапаттау рәсімімен жалғасын тапты.
Ел дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ азаматқа ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес «Құрмет» ордені, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдары табысталды.
Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» медалі, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, сондай-ақ облыс әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі мен Құрмет грамотасы салтанатты түрде тапсырылды.
Жиын соңы облыс өнерпаздарының әсем ән мен күйге толы концерттік бағдарламасына ұласты.