Республика күніне орай, Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Белбасар ауылында көкпар өткізуге арналған жаңа спорт алаңы пайдалануға берілді. Бұл жаңалық ауыл тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл өңір спортшылары үшін қуанышты сәтке айналды.

Жаңа спорт нысаны ауылдың келбетін айшықтап, ұлттық дәстүр мен заманауи инфрақұрылымның үйлесімін көрсетті. Алаң құрылысына демеушілік жасаған — Halyk қайырымдылық қоры, ал жобаны іске асыру жұмыстарына «Қызылша жер» компаниясы ұйытқы болған.
Көкпар алаңы 300-ден аса көрерменге арналған трибунамен жабдықталған. Спортшыларға арналған арнайы аймақтар мен ойын өткізуге қажетті жағдайдың бәрі қарастырылған. Енді Белбасарда тек ауылдық емес, облыстық деңгейдегі сайыстар да ұйымдастырылмақ.
Жаңа көкпар алаңында өңірдің сегіз командасы бақ сынады. Олардың қатарында Меркі, «Аманат» (Белбасар), «Бірлес – Әулиеата», «Тәтті», Т.Рысқұлов, «Ақсу», «Балуан Шолақ» және «Шу» құрамалары бар.
Көрерменнің делебесін қоздырған додада Меркі командасы үздік шығып, 3 миллион теңге жүлдені қанжығалады. Ал туған жердің намысын қорғаған «Аманат» (Белбасар) екінші орынды иеленіп, 2 миллион теңгеге ие болды. Үшінші орын «Бірлес – Әулиеата» командасына бұйырып, оларға 1 миллион теңге табысталды.
Мерекелік шараға аудан басшылары, ұлттық спорт майталманы, КСРО чемпионы Әбілхан Дауылбаев, кәсіпкер және меценат Болат Сауранбаев, сондай-ақ Halyk қорының өкілдері арнайы келді.
Салтанатты жиында сөз алған қонақтар көкпар алаңының ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, ұлттық дәстүрді дәріптеу ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.