«Көшбасшылар мектебі» жобасының ашылу рәсімі өтті

0 3

Бүгін «Қоғамдық келісім» мекемесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық «Көшбасшылар мектебі» жобасының ашылу рәсімі өтті.


Салтанатты шара «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» бейне көрсетілімен басталып, Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы төрағасының ҚХА бойынша орынбасары Қуаныш Мамашевтің алғы сөзімен ашылды.
Жиында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Джумурбаев этнос жастарының белсенділігіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар серіктес университеттер мен колледждерге «Студенттік Ассамблея» ашылғаны туралы куәліктер, белсенді жастарға ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов пен өзінің атынан «Алғыс хаттар» табыстады.
Бұдан өзге белсенді жастар жиынында облыстық «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі төрағасы орынбасары Евгений Кравчук «Ұлы дала аңыздары аниме», «Этнокрокодил» жобаларын таныстырды. Өз кезегінде аталмыш жобалар жастар тарапынан қолдау тауып, оң бағаланды.
Салтанатты шарада Қордай ауданында ашылған этнос жастарының жай-күйі туралы да баяндалды. Аудандағы «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі туралы ұйымның төраға орынбасары Станислав Насыров өз баяндамасында бөлісті.
Жобаның ашылу рәсімі «Достық» жастар театрының «Жаралы гүлдер» қойылымы және жергілікті өнерпаздардың концерттік нөмірлерімен аяқталды.
Ашылу салтанатынан кейін жастар «Жамбыл облысы Әйелдері Күштері Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Әмина Қайназарованың «Көшбасшылық құралы ретінде көпшілік алдындағы коммуникация» және облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Гулам Умаровтың «Қоғамдық жұмыс жастарға арналған әлеуметтік лифт ретінде» тақырыптарындағы семинар-тренингтерге қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.