«ПОЭЗИЯНЫҢ АҚ ГҮЛІ»: КҮЛӘШ АХМЕТОВАНЫ ЕСКЕ АЛУ КЕШІ ӨТТІ

0 2

Бүгін қаламыздағы Достық үйінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, лирик ақын Күләш Ахметованың шығармашылығына арналған «Поэзияның ақ гүлі» атты әдеби-лирикалық еске алу кеші өтті.

Аталған мәдени іс-шараның негізгі мақсаты – қазақ әдебиетінің алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қаламгердің шығармашылық мұрасын этнос жастары мен өкілдері арасында кеңінен насихаттау, қазақ поэзиясының рухани-мәдени құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ өскелең ұрпақтың әдебиетке, ұлттық өнер мен мәдениетке деген қызығушылығын арттыру болып табылады.
Іс-шараға Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшелері, қоғам және мәдениет қайраткерлері, профессор-ғалымдар, әдебиеттанушылар, ұстаздар, сазгерлер, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен құрылым жетекшілері, зиялы қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Әдеби кеш «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаеваның ақын бойындағы адамгершілік болмыс, азаматтық ұстаным, шығармашылыққа деген адалдығы, ұлт руханиятындағы орны мен елдік мүдде жолындағы еңбегі туралы толғанысымен басталды. Сондай-ақ ақынмен арадағы рухани жақындығы және өмірлік өнегесі туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Еске алу кеші барысында ақынның өмірі мен шығармашылық жолын қамтитын мазмұнды бейнематериалдар көрсетіліп, әдеби-музыкалық композициялар ұсынылды. Күләш Ахметованың сырлы лирикаға, азаматтық үнге толы өлеңдері оқылып, ақын сөзіне жазылған «Жалғыз досым», «Жан дала – жәннат дала», «Нағашыма», «Жақсылықтың бағасы» секілді кеңінен танымал әндер жергілікті кәсіби өнерпаздар тарапынан орындалды.
Жиында ақынның жары, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов сөз сөйлеп, ақынмен бірге өткізген аяулы ғұмыр жолы, шығармашылықтағы өзара рухани қолдауы, отбасы құндылықтары мен поэзияға деген ортақ көзқарастары жөнінде мазмұнды естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар ол ақынның адамгершілік болмысы мен қазақ әдебиетіне қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ақын жарына арнаған «Пожар» өлеңін оқып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Шара аясында ақынның замандастары мен әріптестері, шәкірттері мен кейінгі буын жас ақындар Күләш Ахметованың шығармашылық даралығы, қазақ поэзиясындағы орны мен рухани мұрасының маңызы туралы мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті. Ерекше атап өтерлік жайт ұйғыр этносының қызы Мухабат Алеханова ақынның өлеңдер жинағын жатқа білетіндігін айтып, жұртшылық назарын аудартты. Сонымен қатар, мемлекеттік тілде ақын шығармашылығынан өлеңдер оқыған аймақтық Қазақстан халқы Ассамблеясының этнос жастарына жыр иесінің кітаптары табысталды.
Іс-шара соңында қатысушылар ақын Күләш Ахметованың шығармашылық мұрасы қазақ әдебиетінің алтын қорында мәңгілік орын алатынын атап өтіп, оның поэзиясы ұлт руханиятының биік үлгісі ретінде кейінгі ұрпаққа қызмет ете беретінін жеткізді. Әдеби-лирикалық еске алу кеші жыр иесінің жарқын бейнесін жүректерде жаңғыртып, көрермен қауымға рухани әсер сыйлаған тағылымды мәдени шара ретінде жоғары деңгейде қорытындыланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.