«МАХАББАТТЫ ҚОРҒАУҒА ШАҚЫРАМЫН!» АТТЫ ӘДЕБИ-ӘН САЗДЫ КЕШ ӨТТІ

0 2

2026 жылдың 22 сәуірінде «Анаға тағзым» Жамбыл облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығында «Amanat» партиясының Әйелдер қанатының қолдауымен көрнекті ақын, журналист, аудармашы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Күләш Ахметованың 80 жылдығына арналған «Махаббатты қорғауға шақырамын!» атты әдеби-ән сазды кеш ұйымдастырылды.

Бұл кеш ақынның шығармашылық мұрасын ұлықтау, рухына тағзым ету, өңірдегі қаламгер қыздардың еңбегін кеңінен насихаттау, поэзия мен руханият құндылығын дәріптеу, кітап оқу мәдениетін дамыту, сондай-ақ жас қаламгерлердің шығармаларын көпшілікке таныстыру мақсатында өткізілді.

Кешке өңірдің зиялы қауым өкілдері, сөз өнерінің саңлақтары – ақын-жазушылар мен әдебиет майталмандары, «Amanat» партиясы жанындағы Әйелдер қанатының мүшелері, ақын Күләш Ділдәқызының өмірлік серігі, белгілі ақын Қайырбек Зәйтенұлы Асанов, ақынның құрбылары мен ізін жалғап келе жатқан қаламгер сіңілілері, қоғам белсенділері, замандастары мен курстастары қатысты.

Әдеби кеш мектеп оқушыларының «Көктем вальсі» атты әсерлі биімен ашылды. Шара барысында зиялы қауым өкілдері мен қонақтар ақын шығармашылығы туралы ой-пікірлерін білдіріп, жүрекжарды лебіздерін арнады.

Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігінің аппарат басшысы Лесбек Ілебаев кештің ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, Күләш Ахметованың қазақ поэзиясындағы ерекше орнын атап өтті. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шырын Мамасерікова ақынмен байланысты естеліктерімен бөлісіп, оның шығармашылығының тереңдігін жеткізді. Сондай-ақ, «Жаңару» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев пен Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы, «Ғұмыр-дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов ақын туралы естеліктерімен бөлісіп, жылы лебіздерін білдірді.

«Анаға тағзым» облыстық отбасылық даму әлеуметтік орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали жоба авторы ретінде жинаққа енген қаламгер қыздардың шығармашылығына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.

Кеш аясында «Інжу-маржан» қаламгер қыздар кеңесі мүшелерінің шығармалары топтастырылған «Інжу-Маржан» жинағының тұсаукесері өтті. Жинақтың тұсауын ақын Шырын Мамасеркова, ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызы, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мубарак Жинақбаева және «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Әйелдер қанаты басшысының кеңесшісі Рахия Тұрмаханбетова кесіп, жылы лебіздерін білдірді.

Сахна төрінде жас ақындар Жұлдыз Бейсек пен Арайлы Жақсылық жырдан шашу шашып, кештің көркін аша түсті.

Кеш барысында Күләш Ахметованың сөзіне жазылған әндер шырқалып, ақын поэзиясынан үзінділер оқылды.
Сонымен қатар, №66 орта мектеп пен №45 мектеп-гимназиясының оқушылары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқып, поэзияның көркемдік қуатын жеткізді. Нұргүл Мусали «Нағашыма» әнін әсерлі орындаса, Ғани Мәтебаев пен Айгүл Мақашова «Жақсылықтың бағасы» әнін жоғары деңгейде шырқап, кеш мазмұнын байыта түсті. Ал Орынбасар Бақытұлы Кентау Назарбектің «Сен қазақсың!» әнін орындап, көрерменнің зор қошеметіне ие болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.