Су биологиялық ресурстарын сақтау және табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына жол бермеу мақсатында облыс аумағында табиғатты қорғау прокуратурасы мен бейінді инспекцияның ұйымдастыруымен балық ресурстарының заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған профилактикалық акция өткізілуде.
Соңғы екі жылда өңірде балық ресурстарының заңсыз айналымы саласында шамамен 500 құқық бұзушылық тіркеліп, құқық бұзушыларға салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10 млн теңгеден асты, сондай-ақ 3 қылмыстық іс қозғалды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балықты заңсыз аулау, тасымалдау және өткізу деректерін анықтау және жолын кесу, сондай-ақ азаматтар мен шаруашылық жүргізуші субъектілердің құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру.
Халықпен түсіндіру жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Уәкілетті органдардың қызметкерлері балықшылар мен кәсіпкерлерге жадынамалар таратып, әңгімелер жүргізуде, заңнама талаптары, балық аулау қағидалары және оларды бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ақпарат беруде. Заңсыз балық аулау және өткізу әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертіледі.
Акцияны ұйымдастырушылар азаматтарды белгіленген нормалар мен қағидаларды сақтауға, тыйым салынған ау құралдарын пайдаланбауға шақырады, сондай-ақ рұқсат құжаттарын рәсімдеу және квота алу мәселелері бойынша кеңес береді.
Мұндай іс-шараларды өткізу табиғи ресурстарды сақтауға, экологиялық тепе-теңдікті қолдауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.