Жамбыл облыстық халық шығармашылық орталығы апта сайын бір ауданның «Жамбылым қандай тамаша!» атты мәдени іс-шарасын өткізуді қолға алған. Бұл дәстүрді Шу ауданының өнерпаздары жалғады,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аталмыш іс – шара Жастар жылы аясында Жамбыл облысының 80 жылдығына орай ұйымдастырылуда.
Шулықтардың концерті Ерлан Сәулебаевтың «Рухты қазақ» әнімен ашылды. Ажар Аюбтың орындаған патриоттық әндері де тараздық көрерменді бір желпінтіп тастады. Белгілі жыршы — термеші Аяз Бетбаев, күйші — композитор Әбдімомын Желдібаев шыққан жердің талантты жастарының талабы таудай. Қос дауыста шырқалған әндер де көпшілікті әдемі әсерге бөлеп жатты.
Мәселен, «Wai Five» тобы Тараз аспанын думанға бөлесе, Надира Болаева мен Талғат Алтыбаев, Мақсат Мақсұт пен Мадина Серпер, Ұлбосын Мырзақұлова мен Нұржан Амангелді дуэттері де әсем әуенді әуелетті. Олардың орындауындағы «Жаным қазақ», «Жүрек алдамайды», «Бағым сен», «Біргеміз» әндері тараздықтарды тамсандырды. Еркеш Алик, Бағлан Роланов орындаған әндер де әсерлі шықты.
Мерекелік іс- шараның соңы ашық аспан астындағы көңілді биге ұласты.
«Осы іс-шара – өте жақсы үрдіс. Мінекей, біздің ауданның жас әншілері де өздерінің өнерлерін тараздықтарға көрсетуге мүмкіндік алды. Бұл олардың ысылып, шыңдала түсуіне ықпал етеді. Шулық этнографиялық ансамбль өткенде облыстық байқауда бас жүлде, республикалық байқауда арнайы жүлде алды. Мұндай концерттің өтіп тұрғаны өте дұрыс. Мерекелік іс шараның Тараз төрінде орын алуы ерекше есте қалатыны анық. Тараз тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау Шу өңнерпаздарын қуантты. Аталмыш іс шара өз жалғасын тапса жоғарғы деңгей екені сөзсіз. Дәл мұндай іс шаралар көңіл айнасы болмақ» — деді аудандық мәдениет үйінің директоры Дидар Аукешов.
Естеріңізге сала кетейік, Жамбыл облысының 80 жылдығына орай және «Жастар жылы» аясында облыс аудандары мен Тараз қаласының өнерпаздары үш ай бойы өңір тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынады. Маусым айының 14 нен басталған шара аптаның жұма және сенбі күндері Бауыржан Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында қыркүйек айының 8 не дейін жалғасын таппақ.