Өткен жылы Жамбыл облысында 40509 гектар жер өртке оранған. Аталған аумақты ағаш өскінін отырғызып немесе ағаш тұқымын сеуіп қалпына келтіру үшін 8 жыл уақыт керек. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Нұржан Нұржігітов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты,- деп хабарлайды «Zhambylnews» АА
Жамбыл облысы аумағындағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 млн 427 мың 034 гектарды құрайды. Бұл өңірдегі жер көлемінің — 30,8 пайызы. Орманды алқаптардағы орман ағаштарымен көмкерілген жерлер биыл 2 млн 319 мың 008 гектарды құраған. Бұл -орман қорының 52,4 пайызына тең.
-«Жалғыз ағаш орман болмас» деген қазақ халқының нақыл сөзі айтып тұрғандай, орман қорында орман ағашымен көмкерілген жерлер өртеніп кетсе, біріншіден ел экономикасына шығын келеді, екіншіден орманның қоршаған ортаға тигізер оңды әсер функциялары кемиді (жел және топырақ эрозиясынан қорғау,топырақ құрамындағы дымқылдың сақталмай құрғауы т.б.) Өздеріңізге белгілі өртенген орман ағашымен көмкерілген жерлер табиғи түрде ағаш тұқымынан немесе ағаш тамырынан өніп, өсіп қалпына келмейді, тек жасанды әдіспен адамның ықпал жасау арқылы қалпына келтіруге болады. Жоғарыда көрсетілген 2018 жылы өрт қауіпті маусымында өртенген аумақты (40509га) ағаш өскінін өтырғызып немесе ағаш тұқымын себу арқылы қалпына келтіру үшін 8 (сегіз) жыл қажет,-деді басқарма басшысы Нұржан Молдиярұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, орман қорын өрт қауіпті маусымында өрттен қорғау үшін 1900 шақырым минералдандырылған жолақтар орналастыруға, 9000 шақырым минералдандырылған жолақтарға күтім жасау, өртке қарсы тақтайшалар мен аншлагтар орнату, орман қорын өрттен күзету және патруль жасауға жанар-жағармай сатып алу, орман өртін өшіру мен өртті зерттеуге және өрт өшіруге арналған бастапқы құрал-саймандар сатып алуға жалпы 63 млн 865,0 мың теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда жүйелі жұмыстар атқарылуда.
— Өрт қауіпті кезеңінде мемлекеттік орман қорын өрттен қорғау бойынша іс-шаралар тиянақты әрі дұрыс ұйымдастырылу қажет. Орман қоры мемлекет меншігі болып табылады, орман шаруашылығы мекемелеріне орман қорына иелік жасау тапсырылып отыр. Еліміз бен мемлекеттің байлығы бізге, орманшыларға сеніп тапсырылғаннан кейін сенім үдесінен шығу халықтың алдындағы бастапқы міндетіміз,-деді басқарма басшысы.