Облыс әкімі өнеркәсіп және спорт саласының өкілдерімен кездесті

0 2

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Таласқа жұмыс сапарымен барып, ауданның өнеркәсіп және спорт саласының өкілдерімен бірге Қазақстан Республикасы Конституциясының жаңа жобасын талқылады.

Өңір басшысы Қаратау қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде спортшылар және олардың жаттықтырушыларымен жүздесті. Кездесу барысында Ербол Қарашөкеев Конституцияның жаңа жобасын жан-жақты таныстырып, Ата заңның басты идеяларының бірі ретінде білім мен ғылымды, мәдениет пен инновацияны дамыту айқындалғанын атап өтті. Бұл бағыттар өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ жалған әрі бұрмаланған ақпараттардан сақ болып, жаңа Конституция жобасының мәтінін терең түсініп оқуға шақырды.

– Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау – ортақ міндет. Бұл тұрғыда ел болашағына оң әсерін тигізетін жаңа Ата заң жобасының маңызы зор. Баршаңызды еліміздегі тарихи оқиға – Конституциялық реформаға бейжай қарамауға шақырамын, – деді облыс әкімі.

Еркін форматтағы басқосу соңында Ербол Қарашөкеев ел намысын қорғап, өңір абыройын асқақтатып жүрген таластық спортшыларға алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.

Бұдан кейін облыс әкімі натрий цианидін өндіретін «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесіп, Конституцияның жаңа мәтін жобасын таныстырды. Жиын барысында адам құқықтары мен бостандықтары, бірлік пен ынтымақтастық, ұлтаралық және дінаралық келісім, сондай-ақ цифрландыру бағыттары кеңінен сөз болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.