Жамбыл облысындағы елді мекендердің барлығы алдағы үш жылда таза ауыз сумен қамтылады. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге аспақ, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыстық Энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, бүгінде өңірдегі 377 елді мекеннің 55 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ал 2023 жылға дейін тіршілік нәрімен облыс тұрғындарын 100 пайыз қамту жоспарлануда.
Басқарма басшысы атап өткендей, қазіргі таңда облыстағы 205 елді мекен орталықтандырылған ауыз суға қосылған. Дегенмен, тексеру барысында ондағы 129 мыңнан аса халықтың таза ауыз жүйесіне әлі күнге қосылмағаны анықталды. Осы орайда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бүгінге дейін 81 мыңнан аса халық ауыз суға қол жеткізсе, ағымдағы жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 105 мыңға жетпек.
«Қазіргі таңда 10 елді мекенге жаңадан су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Келер жылы — 18, 2021 жылы — 41, 2022 жылы 47 елді мекенге су тарту шаралары жоспарланған. Сондай-ақ, халық саны 200-ге дейінгі 49 елді мекенді облыстық бюджет негізінде бірыңғай оператор құру арқылы ауыз сумен қамту шаралары ұйымдастырылатын болады», — дейді Н.Алдамжаров.