«Қордай» бекеті желтоқсан айынан бастап күрделі жөндеуден өтеді

0 11

Қазақ-Қырғыз елдері арасындағы халық пен көлік ең көп өтетін «Қордай» бекеті 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап күрделі қайта жөндеуден өтетін болады. Бұл туралы  Қордай ауданында екі елдің министрлері басқосқан кездесуінде айтылды, деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аталған халықаралық жиынға ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, ҚР ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары, Шекара қызметінің директоры Д.Дильманов, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Е.Дауылбаев, «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының өкілдері, Жамбыл облысы әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы және Қордай ауданының әкімі Б.Байтөле, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Көлік және жол министрі Ж.Бейшенов, Қырғыз Республикасы Көлік және жолдар Министрлігі жанындағы автомобиль, су көлігі бақылау агенттігінің директоры және Шекара қызметінің басшылары қатысты.

Жиын барысында Қордай өткізу пункті жөндеу жұмысына жабылғанға дейін Қырғызстан мен арадағы негізгі шекаралық бақылау-өткізу бекеттерін жаңарту туралы әңгіме қозғалды.

Сондай-ақ, «Сортөбе» және «Ауқатты» автомобиль өткізу пунктерін көпжақты халықаралыққа ауыстыру керектігі, яғни алдағы уақытта барлық транзиттік жол көліктері осы екі бекет арқылы өтетіндігі айтылды. «Қарасу», «Сортөбе», «Ауқатты» бақылау бекеттеріндегі шекара арқылы өтушілерге арналған бақылау кабиналарының қатарын көбейту, екі ел арасындағы шекара сызығында орналасқан көпірді реконструкциялап, кеңейту сынды өзекті мәселелер қозғалды.

Жөндеу жұмыстары жүргізілетін кезеңде Қордай ауданы әкімдігі тарапынан «Қордай» бақылау бекетінен күнделікті өтетін азаматтар үшін «Қордай-Қарасу» бағытында арнайы қоғамдық көліктер ұйымдастыралатын болады. Көтерілген мәселелер транспорттық дәліздің жұмысын кеңейтіп, шекарадағы кедергілерді азайтуға септігін тигізетін болады.

Осы тұста екі бірдей бақылау бекеттерінде халықаралық мәртебе берілгендіктен ауданның автожолдары республикалық мәндегі автожол болуы әбден мүмкін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.