Ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында Ы. Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ мәселе» тақырыбында облыстық ата-аналар жиналысын өткізді, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі күнгі қоғам талқысындағы өзекті мәселені көтерген жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров және Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қатысты.
Сондай-ақ жиында облыстық Білім басқармасының қызметкерлері, облыстық Ата-аналар комитетінің мүшелері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, Қамқоршылық кеңесі және жеке күзет ұйымдарының өкілдері болды.
Сонымен қатар, осы күні аталған жиналыс Тараз қаласында және облыстың 10 ауданында полиция бөлімдерінің бірінші басшыларымен бір уақытта өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ата-аналардың ұсыныстары мен пікірлерін тыңдау, түйткілді мәселелерді ақылдаса отырып, шешімін табу болды.
Осы мақсатта облыстық Полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев полиция қызметкерлерімен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап өтті. Сондай-ақ, мектептерде оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту үшін бірқатар ұсыныстарды ортаға салды. Олар – мектеп ғимараттарына бөгде адамдардың кірмеуін және аулаларында құқық бұзушылыққа жол бермеу үшін арнайы күзет мекемелерімен шартқа отыру, кіреберіске өткізу турникеттерін орнату, ата-аналар жиналыстарын ұдайы түрде ұйымдастыру, қауіпсіз мектеп жолы аясында мектепке келер жолдарының сызбасын жасап кезекшілік ұйымдастыру, сабақ уақытында себепсіз жүрген оқушылардың жүруін қатаң бақылауға алу, сабақ болмаған жағдайда ата-аналарға оқушының ерте кеткені туралы міндетті түрде хабарлау.
— «Полиция тарапынан кәмелетке толмағандармен және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Алайда, бұл мәселеде, тек полицияның қызметі жеткіліксіз. Балалардың бос уақытын қалай өткізуі, мектепке келмеген жағдайда не істейтіні, ғаламтор желілерінде қандай ақпараттарды қарайтыны, кіммен араласатыны туралы, біріншіден, оның ата-аналары, ұстаздары үнемі назарда ұстауы керек.Сондықтан, бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуде барлық тиісті тұлғаларды жауапкершілікпен қарап, полициямен бірлесе жұмыс істеуге шақырамын»,- деді А.Оразалиев.