Тұрғындар көп тұтынатын тауар бағасы шекті мәннен асып кетпеуі тиіс. Ол үшін нарық бағамын болжап, қойма қорындағы азықты қамдау қажет. Бүгін облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асқар Мырзахметов әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыруға қатысты жиын өткізді, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған кеңесте аймақ басшысы азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселелерін қарап, қазіргі таңда қалыптасып отырған ахуал және оған қатысты атқарылып жатқан шаралар барысын барлады. Онда тұрақтандыру қорының жұмысы сараланып, тұрғындар көп тұтынатын тауар бағасы шекті мәннен асып кетпеуін жауаптыларға жүктелді.
Асқар Исабекұлы тауар мен көкөністердің бағасын тұрақтандыру үшін жеткілікті қорды қалыптастырып қана қоймай, жүйелі шаралар қабылдап, қордың жұмысын ширатуды тапсырды. Бағаны бақылауда ұстау – басты талап екендігін қатал ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жолдады. Ол үшін арнайы жоспар әзірлеп, бекітудің маңыздылығын баса айтты.
Ол ғана емес, облыс басшысының бастамасымен бұған дейін де осы бағытта нақты шаралар қолға алынғандығын хабарлағанбыз. Онда солтүстіктен жеткізелетін жоғары сапалы ұнмен қатар, өз облысымызда өсірілетін бидайды да ұтымды ұқсатуға мән беріліп, ол нан бағасының шарықтатпаудың бір тетігі ретінде қарастырылған-ды.
Сондай-ақ, бағаны тұрақтандыруда өңірдегі құрылысы жүргізіліп жатқан көтерме-тарату орталықтары мен әлеуметтік дүңгіршектердің саның барынша көбейтуге айрықша ден қойылып отыр.