Облыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен қолға алынған баспасөз-турының осы аптадағы жұмысы Мойынқұм ауданында аяқталуда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ең әуелі нысан кіреберісінде орналасқан Кеңес ауылдық округіне қарасты Айдарлы ауылы болды. Аталмыш ауылдың аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың «Халықтың тұрмыстық табысын арттыру» атты қанатқақты жобасына енгенін де айта кету керек.
БАҚ өкілдері әуелі ауылдағы «Ақ отау» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы төрт түлікті түгел өргізген шаруалармен тілдесті. Шаруашылық иелері мал шаруашылығынан бөлек, егін шаруашылығын да қолға алыпты. Сондай-ақ ауданның индустриалды аймағындағы кәсіпорындармен келісімшарт жасасып, ет өткізуді жұмысын да жүйелеген.
Сонымен бірге, баспасөз-туры аясында Биназар ауылдық округіндегі саябақ басты назарда болды . Жастар жылына орай ашылған саябаққа 129 терек, 30 қайың, 20 ива, 50 емен және 65 арша егіліпті. Аудан орталығының іргесіндегі Жамбыл ауылындағы «Ғазиз» жеке кәсіпкерлігі сүт өнімдерін дайындау цехын ашып, төрт түрлі өнім шығарумен айналысып келеді. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен грант ұтып алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған Ғазиз есімді кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің көкжиегін кеңейтуді көздеп отырғанын айтады.
Ауданға сапар барысында журналистер аудан орталығындағы жем-шөп дайындайтын қырманның жұмысымен де танысты. Мұндағы жұмыстардың басы-қасында жүрген Темірхан Ақбалаев есімді азаматтың айтуынша, үстіміздегі жылдың басында механикалық жасақтың көмегімен бірнеше каналдар тазартылып, ауданның аграрлы аймағына мейлінше жағдай жасалыпты. Осыған байланысты аудан тұрғындарының басым бөлігі жүгері егуді қолға алып, бүгінде мол өнімге қол жеткізіп отыр.
Айта кетерлігі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен қолға алынған механикалық жасақтың жүйелі жұмысының нәтижесінде Мойынқұм ауданындағы Кеңес, Бірлік, Күшаман, Назарбеков, Қызылтал ауылдарының каналдары тазартылып, 18 жылдан кейін ағын су келген болатын. Құмды өлкедегі сапардың соңында БАҚ өкілдері «Бастау бизнес» жобасы аясында қайтарымсыз 505 мың теңгеге ие болған жас кәсіпкерлердің жұмысымен танысуда.