Полиция капитаны «Үздік жас құқық қорғау саласының қызметкері» номинациясына ие болды

0 21

Жамбыл облысының үздік жас мамандарын анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Әулиеата үміті» сыйлығының иегерлері белгілі болды. Жеңімпаздар «Senim! Enbek! Jetistik!» атты өңірлік жастар форумында арнайы Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қатысуымен марапатталды.

Марапаттау рәсімінде облыс басшысымен қатар, мемлекеттік құрылымдардың бастықтары да, оның ішінде Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Арман Оразалиев те қатысты.

«Әулиеата үміті» облыстық байқауының мақсаты  әр түрлі мамандықтағы жас дарындарды анықтап, жаңа буынның белгілі бір өмірлік тәжірибесі бар шығармашыл және идеяға бай бастамашыл өкілдерін қолдау болып табылады.

Өңірлік маңызы жоғары сайыстың нәтижесінде әр саладан 15 жас үздік деп таңдалынды. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздардың қатарында Жамбыл облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны Мади Көкірекбаев «Үздік жас құқық қорғау саласының қызметкері» номинациясына лайық деп танылды.

Жас тергеушінің мұндай марапаттың төрінен көрінуіне айтарлықтай үлесі көп. Тергеу бөліміндегі 7 жылдық қызмет тәжірибесінде көптеген ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашып, кәсіби шеберлігі мен адал қызметі үшін ондаған марапатты олжалаған.

«Үздік жас құқық қорғау саласының қызметкері» номинациясы мен үшін күтпеген тосын сый болды, — дейді полиция капитаны М.Көкірекбаев.

Мәди тек қызмет бабында ғана емес, отбасында да үлкен жауапкершілікпен қарайтын үлгілі әке және қамқор отағасы. Өмірлік жұбайы Арна Әскербекқызы да отбасындағы отанасы болуымен қатар, тергеу бөлімінде аға тергеуші қызметінде бірге еңбек етуде. Олар осыдан жеті жыл бұрын бір-біріне қолдау көрсете отырып, кәсіби қызметтерін бірге бастаған еді. Бүгінде Мәди мен Арна отбасында бір қыз тәрбиелеп отыр. Мүмкін, ол да болашақта ата-анасының жолын жалғап, елімізде тергеушілер әулетінің қалыптасуына өз үлесін қосады деп ойлаймыз.

Жамбыл облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.