18 ақпан күні тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдаған Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көптеген әлеуметтік мәселелерге баса назар аударды. Бір күнде 65 азаматтың өтініш-тілегіне құлақ түрген өңір басшысы көтерілген мәселелер тиісті заңдарға сәйкес реттелетінін айтты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жамбылдықтар көтерген мәселелер негізінен тұрғын үй, жер телімдерін беру, шаруашылық дауларды шешу және басқа да аспектілерге қатысты болды.
Тұрғын үй мәселесі тиісті заңдармен реттелетінін атап өткен облыс әкімі пәтер бөлу кезегін жылжыту да белгіленген тәртіп пен ережелерге сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылатынын баса айтты.
Меркі ауданы Сұрат ауылының тұрғындары жергілікті шаруа қожалық басшыларының бірі белден басып, шектен асқан іс-әрекетін өңір басшысына жеткізбек болып, шағым айта келген екен. Сұраттықтардың айтуынша, шаруашылықтың басшысы жер иелеріне ескертпей, оларға тиесілі жер телімдерін өз атына заңдастырып алған. Бердібек Сапарбаев егер заң бұзушылық анықталса, бұл мәселемен облыстық прокуратура айналысатынын атап өтті. Облыс әкімі Меркі ауданына барған іс-сапары кезінде тұрғындардың осы шағымын егжей-тегжейлі талдау жасайтынын жеткізді.
Берік Уәлиханов Меркі ауданында орналасқан Кенесары ескерткішіне байланысты туындаған түйткілді тиімді шешіп беруді сұрады. Сонымен қатар, ол облыс орталығындағы мектептердің біріне Кенесары ханның есімін беру туралы ұсыныс көтерді.
Білім саласының ардагері Камиля Қожықова саланы дамыту үшін бөлінетін қазына қаржысы тиімді жұмсалуы керек деп есептейді. Ол мұндай жағдай Талас аудандық білім бөлімінде көрініс тауып, қаражатты мақсатсыз жұмсау сияқты әрекеттер орын алып отырғанын тілге тиек етіп, осы мәселені алға тартты.
Облыс орталығындағы «Мыңбұлақ» шағын ауданының тұрғындарының тілек-өтінішін жеткізе келген Рахатгүл Итқұлова көпқабатты үйлердің арасына шағын бизнестің заңсыз нысаны соғылып жатқан фактісі орын алғанын жеткізді.