Тараздағы түзеу орындарының бірінде жазасын өтеуші азаматтарға тегін консультациялық көмек көрсетілді
Тараздағы түзеу орындарының бірінде ерікті-заңгерлер мен заң қауымдастығы өкілдері бірлесіп жазасын өтеуші азаматтарға құқықтық мәселелер бойынша тегін консультациялық көмек көрсетті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – сотталғандарға заң кеңестерін беру және құқықтық сауаттылығын арттыру болса, бұл бастама 2020 жыл «еріктілер жылына» орайластырылып қолға алынды.
Жыл басынан бері еліміз бойынша жер-жерлерде аталмыш бағытта түрлі жоспарлы жұмыстар легі жүргізілуде. Осыған орай, Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті облыстық әділет департаментімен бірлесіп бағдарлама жасақтады. Келелі кездесуге республикалық жеке сот орындаушылар палатасы, облыстық әділет департаменті, мемлекеттік сот орындаушысы, Заң консультанттары палатасы, ҚАЖ департаментінің басшылық құрамы, ЖД-158/7 мекемесінің жеке құрамы, БАҚ өкілдері және сотталғандар қатысты.
Іс-шара аясында кәсіби мамандар көкейкесті сауалдарға тұщымды жауап беріп, түйіткілдің түбіне үңілді. Сонымен қатар биылғы жылы бірқатар заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Жаңашылдықтармен таныстырып, егжей-тегжейлі түсіндірмелік жұмыстарын жүргізді. 2 сағатқа жалғасқан жиын еркін форматта өтсе, түзеу мекемесінде отырғандар біршама мәселені көтерді. Азаматтық жеке құн талабы, өзге ұлт өкілдері Қазақстан Республикасы азаматтығын алу мүмкіндігі, экстрадациялау, Қырғыз Республикасының азаматы төлқұжатының мерзімі өтуіне байланысты ауыстыру. Сенімхат арқылы жеке мүлкін заңдастыру ісі және өзге де сауалдар талқыланды.
Жалпы мұндай бастаманың тиімділігі волонтерлар тек кеңес берумен шектелмей, проблемалық сауалдардың шешілуіне ат салысып, баса назарда ұстайтын болады. Сотталғандар зор ықылас танытқан мұндай жиын көптің көңілінен шығып, жемісті нәтиже берері хақ. Тіптен қамаудағылардың жақындары да сұраныс танытып отыр. Сондықтан жоспарға сәйкес жыл соңына дейін осы сынды кездесу ұйымдастырылады деп күтілуде.