Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаевтың үндеуі (толық мәтін)

0 4

Құрметті мойынқұмдықтар!

Төрткүл дүниені дүрбелеңге салған COVID -19 коронавирус инфекциясы біздің еліміз ғана емес облыс жұртшылығына да оңайға түспей отыр. Облыста бірнеше адам аталған инфекцияны жұқтыруына байланысты инфекция ошақтарын оқшаулау және жою мақсатында облыс аумағында карантин режимі енгізілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мәлімдемесі елдің осынау алаң көңілін басып, қандай қиын кезең болса да мемлекет тарапынан қолдау ешқашан тоқтамайтынын анық байқатты. Шынында да бүгінгідей қысылтаяң тұста ел ішінде індет етек алып кетпеуі үшін мемлекет қыруар күш жұмсап, көптеген шаралар қабылдап жатыр. Ауданда да коронавирус инфекциясының алдын алу бойынша біршама жұмыстар атқарылды. Алдымен аудан әкімдігі жанынан төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі аудандық жедел штабы, мониторинг жүргізуге құрылған мобилдік топ, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін ақпараттық топ құрылып, олар халықпен жұмыс жасауда. Бұл ретте алдымен аудан тұрғындарына сыртқа шықпау, топталып жүрмеу, бетперде пайдалану тәрізді мәселелер айтылды. Аудан халқын бетпердемен қамтамасыз ету үшін 19 жерде бетпердені үйден тігу ұйымдастырылды. Дүкендердегі азық-түлік, дәрілердің бағалары қадағаланып отыр. Барлық ауылдардағы көшелер, қоғамдық орындар, мекемелер залаласыздандырылуда. Мекеме, дүкендердің кіре берістеріне антисептиктер қойылған. Ауданда Нұрсұлтан бағытынан келетін автокө ліктердегі азаматтардың денсаулығын тексеріп отыру үшін Бірлік ауылы маңынан блок пост қойылды.

Сондай ақ Мойынқұм ауылының екі жағынан да блок пост қойылып, елдің қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынды. Ауданда бұл дерттің алдын алуға байланысты аудан аумағында шектеу шаралары енгізілді. Осыған байланысты тиісті азаматтарға нақты тапсырмалар беріліп, қадағалануда. Міне осындай сақтық шаралары жасалып жатқанымен аудандағы «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-нің бір маманы коронавирус ауруына шалдығып отыр. Оның аталған індетті ауданнан тыс жерде жұқтырғаны белгілі болды. Қазір онымен қатынаста болған азаматтар оқшауланды. Аталған аурудың алдын алуға байланысты азық-түлік дүкендері мен дәріханалардан басқа дүкендер, мейрамхана, дәмхана, басқа да қызмет көрсету орындары түгелдей жабылды. Осындағы жұмыс істегендер, басқа да жұмыссыздарға мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлем (42500 теңге) алатындарға құжат өткізу ұйымдастырылуда. Осындай күрделі жағдай кезінде аудандағы жетімжесір, көп балалы, аз қамтылған отбасылар да назардан тыс қалып отырған жоқ. Ондай жандарға қолы ашық, жүрегі жомарт жандар бетперде, басқа да азық-түліктен көмек беруде. Ал еріктілер болса бетперде мен індеттен сақтанудың жолдары туралы жазылған парақшаларды үйлерге таратып, халық көп шоғырланған жерлерде үгітнасихат жұмыстарын жүргізуде. Құрметті жерлестер! Біздің қазақ халқының басынан не өтпеді? Алайда бәрін жеңді. Міне бұл кеселді де жеңеміз. Бұл ретте төтенше жағдай, шектеу, карантин ережелерін қатаң сақтайық. Көшеге аса қажет болмаса шықпайық. Ерсіліқарсылы автомашинамен жүруді тоқтататын кез келді. Ауылдардан сыртқа шығуға болмайды. Көп жерлерге блок пост қойылған. Тараз қаласына кіру қала әкімінің рұқсатымен ғана жүзеге асады. Сондықтанда қалаға барам деп босқа әуре болмаңыздар. Міне осының барлығы халықтың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанын түсінейік. Осындай қиын кезде ұйымшылдық танытып, тиісті ережеге бағынатын болсақ, бұл індетті соғұрлым ерте жеңетін боламыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.