Тараз қаласында екі жаңа мектеп, үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып, 54 көппәтерлі тұрғын үй, 88 шақырым жол мен тротуарлар жөнделмек. Балалар және футбол алаңдары бар 165 аула ретке келтіріледі, онкологиялық аурухананың, Құмшағал және Шалғай Қарасу алқаптарына газ және су құбырларын тарту жұмыстары жалғасын табады. Нәтижесінде кемінде алты мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласының активімен кездесті. Кездесуге мәслихат депутаттары, ұлттық палата, қоғамдық бірлестіктер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.
Коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл аясында қауіпсіздік шараларын сақталуына байланысты жиналысқа қатысушылар құрамы барынша сараланған. Дегенмен, облыс орталығының дамуына қатысты маңызды тұлғалар мүмкіндігінше қамтылды.
⠀
Қалалықтар өздерін толғандырған мәселелерін шешіп беруді өтініп облыстық әкімдікке қоңырау шалып, әлеуметтік желілер арқылы дабыл қағуда. Себебі ұйымдастыру жұмыстары әлсіз, тиісті бақылау жоқ, — деді аймақ басшысы.
⠀
Жолаушылар көлігінің тұрақсыз қозғалысы, ескі және тар автобустардың лас және ыңғайсыз салондары, жүргізушілер мен кондукторлардың мәдениетсіздігі қала тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан басты мәселелерінің бірі.
⠀
Тараз қаласының әкіміне адамдардың қажеттіліктерін ескере отырып, маршруттарды жүйелендіру, жаңа, сыйымды автобустар сатып алу мәселесін шешу, электронды билеттендіру мен GPS-бақылауды енгізу бойынша тапсырмалар жүктелген болатын. Өкінішке орай, әлі күнге бірде — бір тапсырма орындалмады, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
⠀
Тағы бір мәселе – Тараздың Абай, Қойгелді, Бейбітшілік және басқа да орталық көшелеріне қатысты болып отыр. Оларды жөндеу жұмыстары наурыз айында басталу керек болғанымен, жоспар орындалмаған. Оған не кедергі болғаны белгісіз.
⠀
Облыс орталығын санитарлық тазалау жұмыстары да сын көтермейді, қаланың әр бұрыштарында қоқыс үйінділері жиналып қалған.