«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы Тараз қаласына 389 жобаны қаржыландыруға 16 млрд. 965,8 млн. теңге қаржы қарастырылды. Нәтижесінде қаладағы еңбек нарығына да сұраныс артып 405 тұрақты және 5 666 уақытша жұмыс орындарымен қамтылмақ ,- деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Қазір осы мақсатта 389 жоба мақұлданып, шаһарда жұмыс қарқынды жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарлама екі қолға бір күрек іздеген азаматтарға адалдан нан табуға мүмкіндік берді. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Тараз қаласы бойынша жоспарланған 389 жобаның конкурсы өткізіліп, 14 млрд. 231,2 млн.теңгеге 347 жобаның жеңімпаздары анықталған.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасымен қаладағы бірқатар мәселелер өз шешімін табуда. Қазір 163 көпқабатты үйлердің алдындағы аулалар, 96 көше мен 4 көшенің жолдары мен тротуарларына жөндеу жүргізіліп жатыр.
-Жол салу, парктерді абаттандыру сияқты жұмыстардың барлығы осы бағдарлама арқылы бөлінген қаражатпен жасалуда. Биыл біз қаржы көзін тауып қаладағы дәретханалары сыртта орналасқан мектептердің ішке орнатуды жоспарлаған едік. Енді жол картасы бойынша 7 мектептің ішіне дәретхана салуға қаржы бөлініп, оның да жұмыстары басталды, Сондай-ақ қалада 6 бірдей білім нысанында құрылыс жұмыстары бір мезетте басталды,-дейді шаһар әкімі Айтқазы Қарабалаев.
Транспорттық инфрақұрылым бойынша жалпы 92,5 шақырымды құрайтын 100 көшені орташа жөндеуге 3 млрд. 334,3 млн. теңге бөлінсе, қала көшелерінің шұңқырларын қалыпқа келтіру жұмыстарына қала бюджетінен 200,0 млн. теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілмекші. Ал, Сүлейменов көшесінің соңындағы жаңа алқапта ішкі кварталдық автомобиль жолдарының құрылысы мен «Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабының жолдарына қиыршық тас төсеу жұмыстары ағымды жылы жалғасын табатын болады.
Биылғы жылы қала көшелерінің сыртқы жарықтандыру жүйелерін орнату жұмыстарына жоба-сметалық құжаттамаларын әзірлеу 50,0 млн.теңге қаржы қарастырылған. Жоба негізінде қаланың 158 көшесіне сыртқы жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек.